Құрылыс кешені мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалы Кеңесінің отырысы өтті. Кеңесте 2022 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, Салалық келісімді іске асыру, қызметкерлерге еңбекақы төлеуге және әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға қатысты мәселелер қаралды.
Ең алдымен филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова салалық кәсіподақтың қызметі, сала қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар және халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясындағы маңызды оқиғалар туралы айтып берді.
«Астана-Зеленстрой» жергілікті кәсіподағының төрағасы Рүстем Тоққожаев Ұжымдық шарт талаптарына санаторий-курорттық емделуге жолдамалардың құнын төлеу бөлігінде жаңа толықтырулар енгізілгенін айтты. Оның айтуынша, енді жолдама құнының 70% жұмыс беруші, 30% кәсіподақ төлейді. Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерін спорттық сауықтыру үшін спорт залын, бассейнді, футбол алаңын жалға алу туралы шарт жасалған.
«Астана су арнасы» кәсіподақ ұйымының төрайымы Күмісжан Бектасова ұжымдық шартта қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша кәсіпорын басшылығы өндірісті тиімді басқара отырып, қызметкерлерді барынша әлеуметтік және материалдық әл-ауқатын жағынан қамтамасыз ететінін жеткізді. К.Бектасова атап өткендей, қызметкерлерге жалақы уақтылы беріліп, мереке күндері үстеме жұмыс ақысы 2 есе, ал демалыс күндері 1,5 есе төленеді. Жыл сайынғы еңбек демалысы кезеңінде сауықтыру бойынша шығыстарды өтеу мақсатында жұмыс өтіліне байланысты лауазымдық жалақының немесе тарифтік мөлшерлеменің 25%-дан 100%-ға дейін емдік жәрдемақы беріледі. Кәсіподақ қызметкердің кәсіпорындағы өтіліне байланысты санаторий-курорттық емдеуге жұмсалған шығындарды ішінара өтейді.
«Мемсараптама» РМК жергілікті кәсіподақ ұйымы да кәсіпорын қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылдың мамыр айында әлеуметтік кепілдіктер шарттарын жақсарту бөлігінде ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалыпты. Атап айтқанда: жұмыс орны бойынша меншік құқығында тұрғын үйі жоқ қызметкерге тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу мерзімі ұзартылып, санаториялық-курорттық мекемелерді таңдау аймағы шет елдерге кеңейтілген. Сонымен қатар, қызметкерлерді зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салуды ұйымдастыру пунктін қосу, зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін жұмыстан босату кезінде материалдық көмек көрсету және санаториялық-курорттық емделуге және сауықтыру жолдамаларына төлем мөлшері ұлғайту қарастырылған.
Ал, өндірісті цифрландыру аясында «Мемсараптама» РМК кәсіподақ ұйымы ыңғайлылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Кәсіподақ 2.0» желілік папкасын құрды. Мұны кәсіпорынның барлық қызметкерлері жұмыс үстеліндегі компьютерлерде онлайн режимде пайдалана алады. Бұл папка кәсіподақ мүшелері үшін бірінші қажетті ақпаратпен толтырылған: кәсіподақтың жарғысы; қосымша келісімдер мен Ұжымдық шарт; медициналық сақтандыру жөніндегі құжаттар, емдеу-алдын алу мекемелерінің тізімі, дәріханалар, анықтамалықтар мен мекенжайлар; ұжымдық шартта көзделген әлеуметтік кепілдіктер бойынша кәсіподаққа өтініштердің үлгілері; әлеуметтік кепілдіктер үшін ақы төлеу кезінде ұсынылатын құжаттардың тізбесі мен оны рәсімдеу үлгісі т.б. Алдағы уақытта кәсіподақ жұмысының ыңғайлылығы үшін ішкі құжат айналымын жеңілдету және автоматтандыру жоспарлануда.
Кеңеске қатысушылар өзара жұмыс тәжірибесімен алмасып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын шешу және кәсіподақ қозғалысын дамыту әдістерімен бөлісті.
Кеңесті қорытындылай келе, филиал төрайымы Т.Мадьярова барлық құрылымдық және мүшелік ұйымдардың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Отырыс соңында кәсіподақ көшбасшылары Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағының қалалық филиалы атынан Құрмет грамоталары, алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.