Ұстаздардың ұстаханасы атанып кеткен Жезқазған гуманитарлық колледжінде төраға Марат Қоңырбаевтың қатысуымен есеп беру-сайлау жиыны өтті.
Колледж ұжымының мұң-мұқтажын шеше отырып, құқықтық көмек көрсеткен, әріптестерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, мерейлі күндерді айшықтап, мерекелердің сәнін кіргізген Рыскуль Таханова басқа жұмысқа ауысуына байланысты кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін тоқтатты. Екі жыл бойы атқарған ілкімді істерін жіпке тізген кәсіподақ көшбасшысының жұмысына оң баға берген ұжым жаңа төрағасын сайлады.
Қашанда бірлігі мен тірлігі жарасқан Жезқазған гуманитарлық колледжінің кәсіподақ мүшелері бірауыздан Мейіркүл Алтаеваның кандидатурасын қолдап, ревизиялық комиссия мен кәсіподақ комитетін құрып, оның құрамын бекітті.
Сұрақ-жауапқа ұласқан жиын барысында кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған шипажайға жолдама алу, жарналарды мақсатты пайдалану тәртібі хақында толыққанды мәлімет ала алды.
Келелі кездесуді қорытындылаған Марат Сейілбекұлы Әлеуметтік әріптестік жылы аясында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосқан сүбелі үлесі үшін Жезқазған гуманитарлық колледжінің директоры Айгүл Исахованы ҚР Кәсіподақтар федерециясының төрағасы С.Дәулеталиннің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, бірқатар белсенді ұстаздар мен жалынды студенттер Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Құрмет грамотасымен еленді.