Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында бірлестік төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетовтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің Қызылорда филиалы жұмыскерлерінің жалақысын арттыру туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша Облыстық бақылау жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Талант Ермановтың хабарламасы, «Қазгермұнай» БК» компаниясы өкілі Шыңғыс Омашевтың ақпараты тыңдалды.
«Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің Қызылорда филиалы «Қазгермұнай» БК» компаниясымен келісім-шарт негізінде қызмет жасайды, өндірістік өртті сөндіру және оның алдын-алу жұмыстарын жүргізетін серкітестікте 59 жұмыскер жұмыс істейді.
Серіктестіктің өрт сөндіруші жұмыскерлерінің жалақысы қазірде жетпіс мың теңгенің көлемінде қалып отыр.
«Ұжымдардағы еңбек қарым-қатынастары, оның ішінде жұмыскерлерге лайықты еңбекақы төлемеу наразылық туындатуда. Тапсырыс беруші мен қызмет ұсынушы мекемелер арасындағы келісім шартта жұмыскерлердің жалақысы мәселесіне баса назар аударылуы тиіс, жалақының еліміздегі ең төменгі жалақы көлемінде қалуы қиын жағдай, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мәселесін де қарастыруларыңыз қажет. Мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының өкілі ретінде Алтынхан Искакова осы мәселеге араласып, жұмыскерлердің мүдделерін қорғауға ат салысу қажет», – деді комиссия отырысына төрағалық етуші аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов.
Комиссия отырысы қорытындысымен аталған серіктестік жұмыскерлерінің жалақысын көбейту шараларын қабылдау үшін кәсіпорындар арасындағы ұзақ мерзімге жасалған келісім-шартқа 2023 жылдан бастап өзгерістер енгізу мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.