ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының Жаңа жылмен құттықтауы

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!

Санаулы күндерден соң біз жаңа – 2023 жылға қадам басамыз!

Жаңа жыл – әр үйге шаттық сыйлайтын мерейлі мереке ғана емес, өмірімізге жан-жақты назар аударып, есеп беретін шақ.

Биылғы жыл баршамыз үшін бірқатар маңызды шараларға толы болды.

«Күш – бірлікте» демекші, Сіздердің әрқайсыларыңыздың қажыр-қайраттарыңыз бен ауызбіршіліктеріңіздің арқасында еліміздің кәсіподақтар қозғалысы бірталай жеңістерге қол жеткізді.

Биылғы жылы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

Бұл – еліміздегі кәсіподақтар қозғалысы үшін асқақ абырой, мәртебелі міндет.

Біз 2022 жылды Әлеуметтік әріптестік жылы деп жарияладық. Осы кезеңдегі ең үлкен жетістік – Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданып, ең төменгі жалақы мөлшері ұлғайтылды. Ал кәсіподақтардың ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу жөніндегі көптен бергі бастамасын жүзеге асыру Мемлекет басшысының ҚРКФ ұстанымын көпшілік алдында қолдағандығының арқасында шындыққа айналды.

Сонымен қатар, өңірлердегі әлеуметтік әріптестік айтарлықтай алға жылжыды. Біз 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге жұмыскерлердің жағдайын жақсартатын бірқатар ережелерге бастамашы болдық. Халықаралық ынтымақтастық та жолға қойылды.

Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы еліміздің әлеуметтік-еңбек саласында өзекті мәселелерді шешуге толыққанды қатысу үшін сараптамалық және ұйымдастырушылық әлеуетке ие, екі миллионға жуық кәсіподақ мүшесін біріктіретін ең қуатты қоғамдық ұйым әрі қоғамның тірегі болып отыр.

Осы жылдың өзінде Федерация көмек сұрап жүгінген 2 500 еңбеккердің 2 200 құқығын қорғадық.

Осының барлығы – біздің ортақ жеңіс, сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы.

Алдағы 2023 жылдың еншісінде де айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ. Мәселен, қаңтар айынан бастап Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етеді.

Жаңа жыл Әділетті Қазақстанның жаңа дәуірін жалғастырады деп кәміл сенемін.

Жаңа жыл баршамызды қашанда жаңа жетістікке, жаңа биікке жетелей берсін.

Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, елімізге бүгінгіден де биік жетістіктер тілеймін! Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын!

 

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының

Төрағасы                                                                     Сатыбалды Дәулеталин