«Еңбеккер бейнесі» айдарының кезекті кейіпкері – ШЖҚ Орал қалалық « №6 қалалық емхана» МКК психолог маманы, адам жанының зерттеушісі Самарбаева Айнұр Қуанышқызы.
Айнұр Қуанышқызы 1986 жылы БҚО, Қаратөбе ауданы, Жусандой ауылында дүниеге келген, 2003 жылы мектепті жақсы бітіріп, Орал қалалық гуманитарлық академиясында білімін жалғастырады.
Еңбек жолын Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормониясында психолог маманы болып бастаған кейіпкеріміз бүгінгі күнге дейін облыс көлеміндегі медициналық мекемелерде қызмет атқарып келеді. Бүгінгі таңда түбегейлі медициналық психология саласына бет бұрған Айнұр Қуанышқызы емхана емделушілері мен ұжымына эффективті психологиялық көмек көрсетіп келеді.
Психология – адамның жеке бірлік ретіндегі психикасын, өзінің сан-алуан сезім, аффективтік, интеллектуалды, басқа да туа біткен функцияларымен бірге сыртқы ортамен өзара әрекетін зерттейтін ғылым, кей-кезде адам мінез-құлқын зерттеу деп те аталады. Осы саланы жіті зерттеп, жан-жақты меңгерген Айнұр Қуанышқызы заман талабы мен сұранысына сай үнемі ізденіс үстінде. Сол үшін үздіксіз өз біліктілігін арттырып, білімін шыңдап келеді. Науқас адам психологиясы, дәрігер психологиясы, науқас пен дәрігердің күнделікті қарым-қатынас психологиясы, дірігерлік борыш, этика, дәрігерлік құпия мәселелерін қамтитын медициналық деонтология, психогигиеналық оқыту, дәрігер мен науқастың өзара қарым-қатынасының психотренингі бағыттары бойынша жұмыстанып келеді.
Бала кезінен зейінді, зерек, болашақ мамандығын нақты таңдаған кейіпкеріміз емхана емделушілері арасында сыйлы, ұжымдастары арасында үлкен беделге ие.
Айнұр Қуанышқызы өз бастауыш кәсіподақ ұйымында да белсенділік танытып, ұжымдастарының мүддесін қорғауда үнемі атсалысады. Қала облыс деңгейіндегі әлеуметтік маңызы бар, қайырымдылық жобалардың ұйымдастырушысы болып табылады.