Әскери-патриоттық тәрбие – өскелең ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат ететін маңызды бағыттардың бірі. Оқушыларды патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететін азаматтарды қалыптастыру жолында қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан педагогтердің бірі – Мырзағұлов Юрий Әріпұлы. Ұлағатты ұстаз 32 жылдан бері Әйтеке би ауданындағы Ж.Сәрсенов атындағы орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге баулып келеді. Бұл берік қалыптасқан дәстүрді ұлттық тәрбиенің өзегі, діңгегі десе де болады. «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дей келіп, адамның ұлы болуы үшін кісіге «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» керектігін ұлы Абай да жеріне жеткізе өсиет етіп кетті. Бұл қағидаларды берік ұстанған Юрий Әріпұлы балаларға потриотизм рухында тәрбие беріп,оларды әскери істі жақсы меңгеруіне, төтенше жағдайларда қорғанудың тәсілдері мен құралдарын дұрыс пайдалана білуге баулып, тынымсыз еңбек етіп келеді.
Ұстаздың еңбегі еш кеткен жоқ. Юрий Әріпұлы қажырлы педагогикалық қызметі үшін бірнеше марапаттарға ие болды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубтар байқауында жүлделі 3 орын алды. 2021 жылы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет горматасымен марапатталды. «Ер Отан» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды. «Ауғанстан ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің шешімімен жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы ерекше еңбегі үшін Кеңес Одағының батыры, генерал Сарбаз Рахимов медалімен марапатталды. Өзінің іс-тәжірибесін таратуда әскери-патриоттық, педагогикалық-әдістемелік журналдарға жарияланған материалдары үшін дипломмен марапатталды.
Отбасында балалары да әке жолын қуып, еңбек етіп келеді. Үлкен ұлы Нұрғиса Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусын тәмамдап, қазіргі таңда аталған білім ордасында рота командиры және әскери инструктор болып қызмет етеді. 3 дәрежелі сержант атағы бар. Тәуелсіздік күніне орай «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Кіші ұлы ішкі істер бөлімінде қызмет етеді.