Бүгін «Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Кеңес отырысында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов 2022 жылғы жұмыс қорытындылары және 2023 жылға арналған міндеттер туралы баяндады.
Ең алдымен Т.Күнәділов ағымдағы жылдың 12 қаңтары күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып, оның еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру және еңбек дауларының алдын алу бойынша алдағы шаралар туралы бастамаларымен таныстырғанын және Үкімет басшысының аталған министрлікке ҚР Кәсіподақтар федерациясының жариялаған бастамаларын ескеруге тапсырмалар бергенін айтып өтті.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясының жариялауымен өткен 2022 жыл – Әлеуметтік әріптестік жылы аясында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы мен салалық кәсіподақтар филиалдары бірлесе әрекет етіп, жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға бар күш-жігерін салып, кәсіподақтың қолдауын білдірді. Басты мақсат еңбек дауларының алдын алуға және оны шешуге бағытталды», – деп жалғастырды Т.Күнәділов.
Өткен жылы Астана қаласының әкімі, Кәсіподақтар орталығы және жұмыс берушілердің қалалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған қалалық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Нақты айтқанда, келісімге жұмыс беруші өкілдер жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру үшін қаражат көздеуге және жұмыскерлердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану құқығын іске асыруы үшін жағдайлар жасауға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру жөнінде шаралар қабылдауға және ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушілердің актілерінде инфляцияны ескере отырып, қызметкерлердің жалақыларын жыл сайынғы индекстеу нормасын көздеуге міндеттілігі көзделген.
2022 жылы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның 12 отырысы өткізіліп, 20 мәселе қаралған.
154 жұмыс беруші 2049 жұмыскерді босату туралы хабарлама ұсынған. Іс жүзінде 112 ұйымдағы жұмысшылардың саны немесе штаты бойынша 834 жұмысшы босатылыпты. Соның ішінде, 647-сі жұмысқа орналасқан, 9 адам зейнеткерлікке шыққан, 78 адам басқа өңірлерге қоныс аударыпты. Сонымен қатар, 41 адам жұмысқа орналасудан бас тартып, 7 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіпті. Босатылған қызметкерлердің 38-і жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алады. Қалған 14 адамды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жалғасуда.
«Жалпы қалалық үшжақты комиссияның отырыстарында еңбек жанжалдарының Тәуекел картасы және әлеуметтік шиеленісті талдау қаралады. 2022 жылы Астана қаласында ұжымдық еңбек дауларының 23 фактісі тіркелді. Еңбек дауларына байланысты барлық мәселелер әлеуметтік әріптестік тараптарының қатысуымен келіссөздер арқылы шешілді», – деп атап өтті төраға.
Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, елордада, әсіресе, құрылыс ұйымдарында өндірістік жарақаттану күрделі мәселелердің бірі болып отыр. 2022 жылы өндірістік жарақаттанудың 51 жағдайы тіркеліп, 38 жұмыскер ауыр жарақат алды, 13 адам қайтыс болды. Өндірістік жарақаттар жағдайларын тергеумен мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар кәсіподақ өкілдері де айналысады.
«Кәсіподақтар орталығы Еңбек инспекциясымен бірлесіп «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізу және елорда кәсіпорындарын «Vision zero» бағдарламасына қосу бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда қалада 38 кәсіпорын «Vision zero» халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бағдарламасын енгізді, онда шамамен 17 027 адам жұмыс істейді», – деді Т.Күнәділов.
Отырыста бірқатар салалық кәсіподақ филиалдарының әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыскерлерге еңбекақыны арттыруға қол жеткізілгені айтылды.
Атап айтқанда, өткен жылы Құрылыс кешені және ТКШ салалық кәсіподағының қалалық филиалының мүшелік ұйымдары «Arabtec ССL» ФК жұмыскерлерінің жалақысын жұмыс өтіліне байланысты 5%-ға, «Астана су арнасы» МКК 25%-ға, «Астана-Зеленстрой» ЖШС 8%-ға, «Астана-Тазалық» ЖШС-де 10%-ға, «Астана Теплотранзит» АҚ-да 20%-ға арттырды.
Ұжымдық шарт нормаларына сәйкес «Қазпошта» АҚ өндірістік персоналының жалақысы пошта қызметкерлерінің лауазымдық жалақысының деңгейіне байланысты индекстеледі: 60-90 мың теңге алатын қызметкердің жалақысы – 25%-ға, 91-120 мың теңге – 20%, 121-180 мың теңге – 15%, 181-220 мың теңге – 10%, 221-250 мың теңгеге-7%-ға артты.
Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің разряд деңгейіне қарай 10 мыңнан 40 мың теңгеге дейін көтерді.
Отырыс соңында кеңес мүшелері еңбек адамының мүддесін қорғау бағытындағы бірқатар мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді.