Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінде аймақтағы саяси партиялар мен кәсіподақтар бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Аталған құжатқа қол қоюдағы басты мақсат – өңірді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға, жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру. Тараптар осы бағыттағы жүйелі өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін екіжақты келісімге келді.
Меморандумға Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі атынан оның төрағасы Әлібек Семғалиев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов, Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы
Балжан Досмұқамбетова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрайнаш Камалова және «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Қадыржан Арыстан қол қойды.
Сонымен қатар аталған партиялардың облыстық филиалдарының жетекшілері аймақтың кәсіподақтар ұйымдарымен бірге жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін көздеу, ішкі еңбек нарығын қорғау бойынша партиялық және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді.