«Еңбек адамы» айдарының бүгінгі күнгі шығарылымының кейіпкері – ұстаз, БҚО, Орал қаласы №42 «Ақ ниет» гимназиясы көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жақсығалиев Ерғазы Сламұлы.
Ерғазы Сламұлы 1960 жылы БҚО, Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1976-1978 жылдары Егіндікөл ауылында спорт методисі қызметінен бастап, осы күнге дейін білім беру саласында еңбек етті, 2012 жылдан осы уақытқа дейін Орал қаласы №42 «Ақ ниет» гимназиясында көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарады.
Ұстаз кәсіби шығармашылық байқауларға, конференцияларға қатысып, облыстық, республикалық басылым беттерінде іс-тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырады. «Отандық білім беру кеңістігінде ЭКСПО-2017 «жасыл технология» бағытында оқытудың инновациялық әдістерін қалыптастыру» атты республикалық конференцияға қатысып, сертификатқа ие болып, сабақ үлгісі таңдаулы жинаққа еніп, таратылды. 2018 жылы «Шебер қолдар» үйірме бағдарламасы облыс деңгейінде таратылды.
Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс – ұстаздікі. Біліммен баулып, биікке ұшыратын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұстанымына байланысты. Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да барлығын маман қылатын да ұстаз. Сол себептен Ерғазы Сламұлының шәкірттері облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып, білімді ұстаздан сабақ алған шәкірттері сызу, бейнелеу өнері, көркем еңбекпен байланысты мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын бітіріп, нәтижелі еңбек етіп жүр.
Ерғазы Сламұлы білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін, 2018 жылы «Қаланың құрметті ұстазы» төсбелгісімен, Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2019 жылы Орал қаласының әкімінің Құрмет грамотасымен, 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2021 жылы облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің Алғыс хатымен марапатталды.
Ерғазы Сламұлы әріптестерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсетеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымында да белсенді. Соған орай, 2017 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің БҚО ұйымы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.