Құқықтық консультацияны Павлодар облысы Кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева жүргізді.
Кәсіподақтардың сенім телефонына Павлодар қаласындағы шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметкері бала күтіміне байланысты демалысты ресімдеу мәселесі және жүкті әйелмен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу негіздері бойынша хабарласты.
Өтініш берушіге қажетті түсініктеме берілді. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес жұмыс беруші өз бастамасы бойынша жүкті әйелмен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелмен, он төрт жасқа дейінгі баланы (не он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы)тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамен, көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа адамдармен еңбек шартын бұзуға құқылы емес.
Жұмыс берушінің жүкті әйелдерді түнгі уақытта жұмысқа, үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға, оларды іссапарға жіберуге, сондай-ақ жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері қайтарып алуға құқығы жоқ.
Бұдан басқа, жұмыс берушінің түнгі уақытта жұмысқа, үстеме жұмысқа тартуға, сондай-ақ жазбаша келісімінсіз іссапарларға және вахталық әдіспен орындалатын жұмысқа жіберуге құқығы жоқ:
1) жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдер және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдар;
2) Егер медициналық қорытындының негізінде үш жасқа дейінгі балалар, мүгедек балалар не отбасының науқас мүшелері тұрақты күтімді жүзеге асыруға мұқтаж болса, отбасының науқас мүшелеріне күтім жасауды жүзеге асыратын не мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлерге беріледі.
Бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, сондай-ақ анасыз бір жарым жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған әкелерге демалу мен тамақтанудан, ауысым ішіндегі және арнайы үзілістерден басқа, кем дегенде әр үш сағат сайын баланы тамақтандыру үшін келесі ұзақтықта қосымша үзілістер берілетінін аз адамдар біледі:
1) Бір баласы бар — әрбір үзіліс кемінде отыз минут;
2) екі немесе одан да көп баласы бар — әрбір үзіліс кемінде бір сағат.
Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер қызметкердің өтініші бойынша демалу және тамақтану үшін үзіліске қосылады не жиынтық үзілістер жұмыс күнінің (ауысымның) басында немесе соңында беріледі.
Жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың бірінің, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметкердің өтініші бойынша жұмыс беруші толық емес жұмыс уақытын ұсына алады.
Егер жұмыс күнінің (ауысымның) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар, медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші жүкті әйелді орташа жалақыны сақтай отырып, зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті.
Жүкті әйелге қолайсыз өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмыс берілгенге дейін, ол жұмыс берушінің қаражаты есебінен барлық өткізіп алған жұмыс күндері үшін орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылуға тиіс.