Кәсіподақ ұйымы 80 жылдық мерейтойын атап өтті

Ақтөбе облыстық жылу электр орталығы 80 жылдық мерейтойын атап өтті.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева, Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Жарқымбек Әлімбетов, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, Ақтөбе жылу электр орталығының басшылығы мен ардагерлері, кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Ақтөбе облысында жылу электр орталығы 1943 жылдан бері жұмыс істейді. Жылудың 80 пайызын “Aqtobe su-energy group” АҚ тұтынушыларына, ал қалған бөлігі Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе хром қосындылары зауытына беріледі. Осындай маңызды кәсіпорында кәсіподақ ұйымы тұрақты түрде жұмыс жасайды. Орталықтың кәсіподақ ұйымына Балауса Жайбергенова жетекшілік етіп, еңбек азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауда, кәсіподақ қозғалысын дамытуда өз үлесін қосып келеді.

Салтанатты шара алдында еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық диалог түрінде өзара пікір алысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қазіргі уақытта кәсіпорында 595 адам жұмыс істейтінін, барлығы кәсіподақ мүшелері екенін айтты.

«2021 жылы шілде айында ұжымдық шартқа бастауыш кәсіподақ ұйымның ұсынымдарын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның нәтижесінде біраз әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерге қол жеткізіп отырмыз», – деп атап өтті кездесуде.

Өткен жылы әлеуметтік әріптестердің қолдауымен «Ақтөбе ТЭЦ» жұмысшыларының жалақысы екі рет өсті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында энергетика саласында тарифтерді көтеру арқылы бағаны реттеу, жұмысшылардың жалақысын көтеру жайы айтылды.

“Кәсіподақ мүшелерінің талап тілектерін ескеріп, олармен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз”, – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.


Кәсіпорында 2020 жылы ауқымды жаңғырту басталды. Өткен жылы стансада қосымша қуаттарды қосу-баптау жұмыстарының соңғы кезеңі жүзеге асырылды. Қуаттылығы 57 МВт болатын газ турбиналық қондырғы іске қосылды. Жалпы, орталықта 600-ге жуық қызметкер бар. Олардың бәрі кәсіподақ ұйымына мүше. Жоғары білікті және тату ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп келеді.