«Еңбек адамы» айдарында бірнеше рет орман күзетшілері – орманшылар, орман шеберлері туралы жазған болатынбыз. Бүгін біз өз жазылмандарымызды Қостанай облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Қамысты орман шаруашылығы мекемесі» КММ орманды қалпына келтіру жөніндегі бас инженері Божко Оксана Юрьевнамен таныстырғымыз келеді.
Жас қыз Қостанай ауыл шаруашылығы колледжін бітіргеннен кейін шаруашылыққа келіп, 10 жыл бойы орман ісімен айналысып келеді. Өткен жылы «Орман шаруашылығы» мамандығы бойынша Челябі мемлекеттік университетін тәмамдап, жоғары білім туралы диплом алды.
Орман шаруашылығы қызметкерінің еңбегі – үлкен жауапкершілік. Олардың жұмысында көптеген қиындықтар бар. Табысқа жету үшін орманды жақсы көру және білу қажет. Өз ісінің кәсіби маманы Оксана Юрьевна отбасына да көңіл бөлуді үлгеріп жатады. Оның жанұясы оған толық қолдау көрсетеді. Оның жолдасы, күйеуінің әкесі және ағасы сол ұйымда орманшы болып жұмыс істейді.
Оксана Юрьевна ұжымның қоғамдық өміріне белсенді араласады. Ол балаларға жаңа жылдық ертеңгіліктер, сыйлықтар ұйымдастыруды өте жақсы көреді.
Кейіпкерімізді «өмірге құштар» деп атауға болады. Табиғатқа, отбасына, адамдарға немқұрайлы қарамайды. Сәулетші ретінде ол орманды қалпына келтіреді, әрдайым әріптестеріне көмектесуге дайын.