Еңбегі сіңген ұстаз

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір еңбек иесі мақтау мен құрметке лайықты жандар. Соның бірі – ұстаз Сайпиров Атабек Мирзаханович.

Мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз 1976 жылы 16 ақпанда бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген.

1992 жылы Халықаралық Қазақ – Түрік университетінің «Шығыстану» факултетіне оқуға түсіп, 1996 жылы осы оқу орнын филолог, қытай, орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Өз еңбек жолын 2008 жылы Ескі Иқан негізгі мектебіне әлеуметтік педагог қызметінен бастап, 2012 жылдың қараша айынан қазіргі уақытқа дейін аталған білім ордасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

Білімін әрдайым жетілдіріп отыратын ізденімпаз маман Атабек Мирзаханұлы, берік ұстаныммен қатар өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды, өз жұмысына адал, кішіге үлгі болып, барлық тәжірибелерімен бөлісіп оларға үйретумен келеді. Білікті ұстаз, кәсіподақ мүшесі.

Жүйелі түрде жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде қажырлы еңбегі ескерусіз қалмай 2017 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан бөлек, бірнеше рет Білім басқармасының, Түркістан қаласы әкімінің, Кентау қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алғыс хаттарының иегері атанған.

Сонымен қатар 2020 жылы Алматы қаласы республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық мерзімді баспасөз басылымы «Білім әлемі» баспа бетінде авторлық жұмысы жарияланған болатын.