Өткенге есеп, ертеңге бағдар берілген келелі кездесуді Сәтбаев қаласы білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гульнар Ильясова ашып жүргізді.
“2022 жылға жоспарлаған іс-шаралардың барлығы жүзеге асты. Кәсіподаққа сенім артқан мыңдаған мүшенің заңды мүддесі мен құқығын қорғай жүріп, біз білім қызметкерлерінің шығармашылығын шыңдауға, тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға атсалыстық. Еңбегін лайықты бағалап, түрлі бұқаралық-мәдени шаралар өткіздік. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан жекелей үлестеріңіз үшін әрқайсыңызға ризашылығымды білдіремін”, – деген Гүлнәр Жұмабекқызы бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының жұмыс жоспарын тыңдады.
Ұжымда жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастырып, кәсіподақ мүшелері үшін қауіпсіз де жайлы жұмыс жағдайларының жасалуына қоғамдық бақылауды күшейтіп, білім қызметкерлері мен олардың балаларын сауықтыру, сергіту мен ынталандыру бағытында ауқымды міндеттер межелеген көшбасшылар ел тарихындағы маңызды оқиғаларға үн қосуға уағдаласты.
Кездесу соңында білім саласына енген реформалар қызу талқыға түсіп, жаңашылдықтар әр бастауыш кәсіподақ ұйымында кеңінен түсіндірілуі керек деген талап қойылды.