Түркістанда келісім комиссияларының мүшелері оқытылды

Білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру және таныстыру мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің бастауыш ұйымдарының келісу комиссиясы мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Еңбек дауын келісу комиссиясында шешу тәртібі» тақырыбында оқу семинары өтті.

Семинарға Қазақстандық оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің құқықтық бөлімінің басшысы  Райхан Кидирбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы  Жандос Шайдулла, Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы  Манат Таукеева және Кентау қаласының, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары және келісу комиссиясының мүшелері қатысты.

Құқықтық бөлімінің басшысы  Райхан Кидирбаева білім саласының белсенді кәсіподақ мүшелеріне семинар сабақ өткізу барысында келісу комиссиясының атқарар қызметі мен жауапкершілігі туралы кең ауқымды түсінік берді. Білім саласында кездесетін дау-дамайлардың ұтымды, Заң негізінде шешілуіне ықпал етіп, белсенділік танытатын, ұжымның сенімін ақтай алатын тұлға «келісу комиссиясының» мүшелері екенін атап өтті.

ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 26 тармақшасына сәйкес ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен жұмыс беруші Келісу комиссиясын құруға міндетті. Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті.

Семинар соңында қатысушылар өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, Райхан Мамашиқызы қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзінің кеңесін беріп, өз тәжірибесінде болған мысалдар келтіріп, осы дауларды шешудің жолдарымен бөлісті.

Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.

Кездесу соңында ұстаздар өздерінің алғыстарын білдіріп семинар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Ескере кету керек, семинарлар ақысыз негізінде өткізіледі.