Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Сондай жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі де бірегейі- Мәншүк Құлсарина. Ол ұстаздық жолда 35 жыл еңбек етіп келеді.
Мәншүк Куканбаевна 1969жылы 10 ақпанда Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылында дүниеге келіп, туған ауылы мектебінде оқып, білім алды. 1983-1987 жылдары жүрегінің қалауымен мұғалімдік мамандықты таңдап, Ақтөбе педагогикалық колледжінде оқып, еңбек жолын өзі оқыған мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Жалындаған жас маман ретінде түрлі сайыстарға қатысып, өзінің білімі мен білігін көрсеткен ұстаз Қарабұтақ аудандық білім бөлімінде 1989-1996 жылдары бастауыш кластар бойынша әдіскер болып жұмыс жасады және Қ. Жұбанов атындағы университетті оқып, «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алды. Әріптестеріне әдістемелік көмек көрсете отырып, өзі де шыңдалған маман 1996-2001 жылдар аралығында Т.Г.Шевченко атындағы орта мектебінде бастауыш кластар ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш класс мұғалімі болып еңбек ете отырып, мектеп директоры қызметіне ұсынылды. 2001 жылы Еңбекту орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалып, кез-келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған жауапкершілікті ала отырып, оны ұйымдастыра білуі оның іскерлік жетістіктерін шындай түсті. Мектеп аудан, облыс көлемінде таныла бастады, шәкірттері жүлделерге ие болды. Ауыл халқы мектеппен тығыз байланыста болып, мектеп тек білімнің емес, мәдениеттің ошағына айналды.2012 жылы М.Құлсарина Қарабұтақ орта мектебіне директор болып ротацияланды. 2018 жылы білім ордасына Қарабұтақтың мақтанышы болған халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың есімі беріліп, мектеп ұжымына тағы да үлкен жауапкершілік жүктелді. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, мектеп қабырғасынан жыл сайын екі-үш алтын белгі иегерлері шығып, магистратура, докторантура оқитын түлектер саны көбеюде. Мектеп 2021 жылы республикалық «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауының облыстық деңгейінде бас жүлдеге ие болса, республика көлемінде жүлделі 3-орын иегері атанды.
Әріптестері арасында беделді, өзіндік орны бар тұлға әрдайым мектептің педагогикалық және техникалық қызметкерлерінің құқығы мен беделін қорғауда жұмыстар ұйымдастырып, көшбасшылық танытып келеді. Ұжымдағы әрбір қызметкердің еңбектері еленіп, әркез мерекелік марапаттаулар мен республика және облыс көлемінде шипажайларға демалуы жоспарлы түрде жақсы жолға қойылған. Педагог мәртебесін көтеру жолында көптеген жұмыстар ұйымдастырып, әріптестері арасында оң көзқарас тудырды. Осындай білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған белсенді жұмысы үшін 2019жылы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің, 2020 жылы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мұғалімдердің біліктілік санаттарын көтеруіне үлкен мән беріп, үнемі бақылауында ұстайды, көмек беріп отырады. Өзі де сабақ беру барысында білім беру жүйесіндегі жаңартылған білім беру технологияларын қолдана отырып, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде шығармашылық жетістіктерге жетіп жүрген ұстаз. Шәкірттері аудандық пәндік олимпиадада бірінші орынға ие болып, облыстық деңгейде екінші және үшінші орындарға ие болды.Педагог-зерттеуші ұстаз ретінде ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастырған пәндік олимпиадасында соңғы үш жыл қатарынан жүлделі 1-және 2-орын иегері болып отыр.
Іс-тәжірибесін таратуда «Инновация и творчество-основа повышения качества знаний учащихся», «Развитие критического мышления на уроках русского языка в 6-7-классах» әдістемелік ұсынымдары жарыққа шықты. Облыстық,республикалық басылымда сабақ үлгілері таратылды. Жаңарған білім мазмұнын меңгертудің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс.Сондықтан үнемі өз білімін жетілдіре отырып, әріптестеріне де талап қою арқылы жетекші мектеп ретінде ауыл мектептерімен тығыз байланыс жасап отырған мектеп басшысының жауапкершілігі зор.