Әлеуметтік әріптестік әлеуеті артып келеді

“Toraighyrov University” коммерциялық емес акционерлік қоғамы – Қазақстанның ең ірі және Павлодар өңірінің ғана емес, бүкіл республиканың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны. Университет әлемдік білім беру кеңістігінде халықаралық танымалдыққа ие, Еуропалық білім беру үрдісінің толыққанды мүшесі болып табылады. Бизнес, ғылым және өнер көшбасшыларының Оксфорд саммиті аясында “Еуропалық сапа” халықаралық марапатына ие.

Ректорат пен “Toraighyrov University” КЕАҚ қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы арасында әлеуметтік серіктестік туралы Ұжымдық шартқа қол қою салтанаты өтті. Шарт жобасы ұжымда кеңінен талқыланып, әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Университеттің әрбір қызметкері осы маңызды құжатқа өз ұсыныстарын енгізе алды.


Бастауыш кәсіподақ ұйымы өз жұмысын Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, “Кәсіптік одақтар туралы” заңның нормаларына негізделіп жүзеге асырады.

2019-2022 жылдар аралығында атқарылған жұмыстар туралы есепте төраға қызметкерлерге әлеуметтік-құқықтық қорғау бойынша және олардың кәсіптік белсенділігін ынталандыру бойынша жұмыс түрінің мүлдем жаңа бағытын ұсынды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымында кәсіподақ мүшелерін ынталандыруды қолдайтын бірқатар бағдарламалар белсенді іске асырылуда, осыған байланысты кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау түрлері кеңейтілді. 12 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар әйелдерге, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелейтін әйелдерге күнтізбелік 3 күнге дейін қосымша ақылы демалыс беру, жұмыс аптасы ішінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің спорттық-сауықтыру секцияларында жалақысын сақтай отырып, дене шынықтыру даярлығымен айналысуға, сонымен бірге “Сұңқар”дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне тегін бару, еңбек және ұжымдық шарттарға немесе қызмет беру актісіне сәйкес мереке және демалыс күндері қызметкерлердің еңбегіне қосымша ақылар мен үстемеақыларды ескере отырып, тиісті жалақыдан кемінде бір жарым мөлшерде ақы төлеу, санаториялық-курорттық сауықтыруды ұсыну мәселелері қаралды.

Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында 139 адам 50% жеңілдікпен демалып, денсаулығын жақсартты, оның 70-ке жуығы 2022 жылы санаторий-курорттық аймақтарға жолдама алды. Университет аумағында дәрігерлік амбулатория ашылды.

Қол қойған тараптар Ұжымдық шарт университет қызметкерлерінің мүддесіне және ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіподақ қызметін ынталандыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

2020 жылғы 21 қыркүйекте Кәсіподақтың коворкинг-орталығы ашылды, ол жаңа кәсіподақ жобаларды әзірлеу және іске асыру алаңына, әлеуметтік серіктестердің талқылау және кездесу орнына айналды.

Кәсіподақ белсенділері университет қызметкерлерін кәсіподаққа тарту бойынша қосымша шараларды жоспарлы түрде жүргізеді. Мәселен, егер 2019 жылы кәсіподақ есебінде жұмыс істейтіндердің жалпы санынан ЖОО қызметкерлерінің 39%-ы болса, қазіргі уақытта кәсіподақ саны 85% құрайды.

Университет пен кәсіподақ комитетінің тығыз ынтымақтастығы, тараптардың сындарлы диалогы арқасында бірнеше жылдар бойы университеттің кәсіподақ қатары күшейіп, ұжымдағы микроклиматты жақсартуды, әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал етті.

Тағы бір маңызды оқиға “Toraighyrov University” КЕАҚ мен “Білім және ғылым қызметкерлерін салалық кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы” ҚБ арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.