Бүгін “Senim” Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана филиалы есеп беру конференциясын өткізді.
Отырысқа “Senim” Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин мен заңгер Азамат Менсейітов және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Лайықты жалақы, еңбекті қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ, қызметкерлердің денсаулығын сақтау филиал қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта елорданың “Senim” филиалында денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін 4000-нан астам адамды біріктіретін 15 мүше ұйым бар.
Филиалдың төрайымы Дина Нұрпейісованың айтуынша, әлеуметтік әріптестік жүйесін реттейтін негізгі құжат Денсаулық сақтау саласындағы 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік салалық келісім болды. Салалық келісімге толықтырулар енгізіліп, біліктілігіне қарамастан барлық қызметкерлерге, еңбек демалысына кемінде 30 күн, барлық мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері үшін міндетті лауазымдық жалақысынан кем емес сауықтыру жәрдемақысы, сондай-ақ, біліктілік санаттары үшін қосымша ақылар сақталды. Сондай-ақ, салалық келісімде үйдегі кезекшілікке ақы төлеу тәртібі қарастырылған. Осының негізінде барлық медициналық ұйымдарда ұжымдық шарттар немесе толықтырулар жасалды.
Еңбекақыны көбейту коэффициентімен төлеуді қамтамасыз етудегі қиындықтарға қарамастан, 2022 жылы Астанадағы медициналық ұйымдарда жалақы бойынша берешек болмаған. Еңбекақы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес уақтылы төленіпті.
Айта кетерлігі, 2023-2025 жылдарға арналған Салалық келісімге еңбекке ақы төлеу, сауықтыру және мерзімі өткен біліктілік санаттары үшін ақы төлеу және біліктілікті арттыру мәселелеріне жіті назар аударылған.
«2023-2025 жылдарға арналған Салалық келісімге “Senim” Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын арттыратын түзету коэффициентін арттыруға бастамашылық жасады. Соған сәйкес жалақы 2023 жылдан бастап дәрігерлерде орта есеппен 30%-ға және медбикелерде 20%-ға өседі», – деп атап өтті Д.Нұрпейісова.
Отырыс соңында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселерді шешуге, құқықтық көмек көрсетуге және ақпараттық жағынан қамтамасыз етуге қолдау көрсететінін жеткізді.