Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтардың шешімдері әділдікке негізделеді»

Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және облыстың кәсіподақ активімен кездесті.

3 сағатқа жуық уақытқа созылған жиында облыстың кәсіподақ көшбасшылары ҚРКФ төрағасын әлеуметтік-еңбек саласындағы ағымдағы ахуалдан хабардар етті.

Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Сәдуақас Бекғалиев өңірдегі кәсіподақ көшбасшыларымен бірлесіп әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу, оның ішінде еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады.

Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдарының жұмыс қорытындысын тыңдаған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек дауларының алдын алу, әлеуметтік диалог арқылы ұжымдарда тұрақтылықты сақтау және құқықтық алаңдағы кәсіподақ ұйымдарының іс-әрекеттеріне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы атап өткендей, еңбек дауларының туындауының басты себептерінің бірі – жалақы мәселесі.

«Еңбек дауларының негізгі себептері – жалақының төмендігі мен еңбек жағдайының нашарлауы. Маңғыстау облысында мұнай өндіруші және қызмет көрсететін сервистік компаниялар арасындағы еңбекақы төлеу жүйесінде теңсіздік мәселесі бар. Премьер-Министрлің орынбасары мен облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында біз бір саладағы еңбекақы бірдей болуы туралы ұсыныстар айттық», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте ол ұжымдық дауларды қарау үшін жаңа заңнамалық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы Үкімет алдында ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібін жеңілдету, сондай-ақ, кәсіподақтардың талаптар қою және жауапкершілікті, соның ішінде ереуілдер жариялау бойынша мүмкіндік құру қажеттілігі туралы мәселені ашық қойды. Біз бүгін өзімізге жауапкершілікті алуға және құқықтық салада әрекет етуге дайынбыз», – деді ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин, сонымен қатар, Федерацияның ең төменгі жалақының мөлшерін ұлғайту және ел басшылығының қолдауын тапқан ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін орындау туралы бастамаларын да еске алды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өңірдегі кәсіподақ көшбасшыларын әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуда кәсіподақтардың рөлін арттыру мақсатында мақсатты іс-әрекеттер жасауға шақырды.

«Кейбір кәсіпорындар әлі күнге дейін кәсіподақ деген не екенін дұрыс түсінбейді. Көптеген еңбек дауларына кәсіподақ кінәлі деген пікір бар. Кәсіподақтың әлеуметтік шиеленістің туындауына ықпал ететін сияқты. Кәсіподақтар жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы дәнекер бола отырып, еңбек қатынастарын реттеуде әділ шешім қабылдайды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Отырысты қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы облыстың кәсіподақ көшбасшыларының алдына бірқатар басым міндеттер қойды, оның ішінде кәсіподақ көшбасшыларын оқыту, сондай-ақ, жұмыс берушілер өкілдерімен бірге; аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен кәсіподақтардың қызметін үйлестіруді күшейту; кәсіподақ қозғалысын қамтуды кеңейту; ұжымдарда кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу; әлеуметтік диалогты дамыту және қызметкерлердің құқықтарының сақталуын қадағалау бойынша прокуратура органдарымен ынтымақтастықты нығайту; еңбек консультациялары бойынша жұмысты күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.

 

ҚРКФ медиаорталығы