«Восход-Ориел» компаниясының бастауыш кәсіподақ ұйымының жиналысы өтті. Оған«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы М.Миргаязов пен Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев қатысты.
Көмір саласының кәсіподағы алдағы уақытта да өндірістік кеңестер арқылы, техникалық еңбек инспекторларының белсенді қатысуымен, әлеуметтік серіктес – «Восход Ориел» ЖШС жұмыс берушілермен бірлесіп, қызметкерлердің денсаулық жағдайына және жұмыс орындарындағы қауіпсіздік жағдайын жақсартуға, өндірістік процестерді одан әрі жаңғырту мәселелерін шешуге дайын екендігін жеткізді.
Кездесуде осыған дейін бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланған Лариса Высоцкая өзіне жүктелген міндетті тапсырып, кәсіподақ ұйымының жұмысына басқа адамды сайлауларын ұсынды.
Көпшіліктің дауысы мен ұсынысы ескеріліп, «Восход-Ориел» компаниясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып бірауыздан Қанат Жаленов сайланды. Жиын соңында бастауыш ұйымның атқарған жұмысына оң баға берілді.
«ҚРКФ – Еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғай отырып, еңбек қауіпсіздігін жақсартып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті дамытуға үлес қосатын бірден бір ұйым. Біз әрдайым жұмысшылардың лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушімен ынтымақтастықта еңбек етеміз», – деп атап өтті жиынға қатысқан Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.