Кәсіподақтардың Заң клиникасы заңгерлік кеңес беруде

Жетісу облыстық кәсіподақтар орталығының заң клиникасына “Декреттік демалысқа баланың әкесі шыға алады ма? Және оған қандай құжаттар керек?”, – деген сұрақтар бойынша М. азаматша жүгінді.


Сұрақ бойынша жан-жақты жауап берілді.

“Иә, шыға алады. Әкелер де бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа шыға алады. Алайда, отбасы мүшелері таңдауы тиіс: декреттік демалысқа не анасы, не әкесі шығуы керек.

ҚР Еңбек Кодексінің 100-бабына сәйкес, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысты жұмыс беруші жұмыскерге:
1) ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;
2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;
3) ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;
4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі. Және жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады”, – деген жауап берілді.