Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының заң клиникасына Ақтөбе облыстық жылу энергия орталығының кәсіподақ ұйымының мүшесі С.Тащенов жалақыны көтеру және ауыр өндірістегі жұмысшыларға қосымша ақы төлеу туралы өтінішімен жүгінді.
Қабылдау барысында Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының заң клиникасының жетекшісі І. Кенжебай мен Батыс Қазақстан медиация орталығының басшысы, кәсіби медиатор А.Жылгелді мәселенің мән-жайын анықтап, цех жұмысшысының ұсыныс талаптарын мұқият тыңдап, қабылдауға келген азаматқа тегін құқықтық кеңес берді.
Заң клиникасына өтініш білдірген Ақтөбе ЖЭО жұмысшысы С.Тащеновпен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Б. Жайбергенова да қатысты.
Цех жұмысшысы өз сөзінде өзге ТЭЦ-термен салыстырғанда Ақтөбедегі Орталықта жалақының республика бойынша ең төмен екендігін, және ауыр, зиянды өндіріске үстемақы тек 4 пайыз ғана төленетінін, оған жұмысшылардың көңілі толмайтындықтарын жеткізді.
Оған заң аясында нақты кеңестер берілді. Әлеуметтік әріптеспен ұжымдық шарт аясында шешу тетіктерін қарастыру мақсатында кәсіподақ әлі де келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
Кездесу енді Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиевтың қатысуымен тағы да жалғасатын болды.
Бүгінде «Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Заң клиникасында» кәсіподақ мүшелеріне еңбек, әлеуметтік және кәсіподақ заңнамасы мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылуына қатысты заңнама бойынша тегін құқықтық көмек көрсетілуде.