Бүгінгі таңда адам өмірінің барлық салалары, соның ішінде, еңбек қатынастары қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерінің ықпалында: табиғи апаттар мен климаттың өзгеруінен бастап технологиялық түрлендірулер мен геосаяси дағдарыстарға дейін. Бұл орын алып жатқан жағдайларға жаңа көзқарасты талап етеді.
2023 жылғы 27 қаңтарда Астанада өткен «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумына қатысушылар өз жұмыстарын нәтижелей келе, басты қорытындыны атап өтуде – қоғам еңбеккерлер, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды құрудың жаңа тұжырымдамаларын, сондай-ақ, табысты әділетті бөлу қағидаларын оңтайлы қайта қарауды қажет етеді.
Форумға қатысушылар өткен әлеуметтік әріптестік жылының қорытындылары мен алдағы бірлескен жұмыстың келешегін талқылай келе, бүгінгі баяндамаларда қолдау тапқан Жаңа қоғамдық келісім идеяларының өзектілігін айрықша атап көрсете отырып, келесіні мәлімдейді:
- Барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік органдарының жұмысын сапалы түрде жақсарту қажет. Біз бекітілген келісімдер мен ұжымдық шарттардың декларативтілігіне және мазмұнының жоқтығына, әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысушылардың енжарлығы мен инерциясына жол берілмейтіндігі туралы ортақ пікірді білдіреміз.
- Туындаған ұжымдық еңбек дауларының себептерін талдау және реттеу бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, түскен ұсыныстарды ескере отырып, әлеуметтік әріптестік тараптары:
- «Еңбек консультациялары» акциясын елдің кәсіпорындары мен ұйымдары арасында кеңінен таратуға;
- өндірістік кеңестер құруға, сондай-ақ, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмыс сапасын және ынталандыру шараларын жақсартуға;
- еңбеккерлердің ұжымдық және жеке талаптарын қараудан жалтаруға, қызметкерлердің өтініштерін елемеу, келіссөздер үдерісіне қатысудан аулақ болу, еңбек дауларын реттеу үдерісінде алшақтық, дөрекілік және немқұрайлылыққа жол бермеуге белсенді қолдау көрсететін болады.
- Форумға қатысушылардың:
- ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеуді және бекітуді жеделдету;
- ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін салалық арттырушы коэффициенттерді анықтау әдістерін әзірлеу;
- жалақы кешіктірілген жағдайда еңбеккерлердің жұмысты орындауды тоқтата тұру құқығын бекіту;
- өндіріс құралдарын дер кезінде қауіпсізге ауыстыру, заманауи технологиялық үдерістерді енгізу, қызметкерлерді қауіпсіз еңбек әдістеріне оқыту негізінде жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігі деңгейін көтеруге ынталандырудың тиімді әдістері мен қаржылық тетіктерін әзірлеу;
- келісім комиссиясын немесе еңбек арбитражын құрудан бас тартқаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту, еңбеккерлердің талаптарын қарау бойынша келіссөздер жүргізу бойынша ұсыныстарын толық қолдайтынымызды білдіреміз.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жүргізіп жатқан іс-шаралардың уақтылылығын, жүйелілігін және табандылығын айта отырып, Форумға қатысушылар ел азаматтарының өмірін жақсарту, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, Еңбек адамының маңыздылығын нығайту бойынша алдағы бірлескен жұмыстарға дайын екендіктерін білдіреді.
Біз қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша қазіргі қанағаттанарлықсыз жағдайға қатысты негізді алаңдаушылықты толықтай бөлісеміз. Жұмыс берушілерге өндірісті жаңғырту және алдын алу іс-шараларын жүргізу қажеттігі туралы талаптармен қатар, біз Қауіпсіз еңбек жылында әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде осы саладағы ортақ күш-жігерді жұмылдыруға шақырамыз.
Форумда жасалған баяндамаларда еңбек қатынастарының жаңа тұжырымдамасының пайымдауын ашатын ұсыныстар айтылды. Өндірістік демократияның дамуын жалпы қоғамды демократияландыру үдерістерінің жалғасы ретінде қарастыру керек деп есептейміз. Бұл Мемлекет басшысының қоғамдық келісімнің жаңа форматын енгізу арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты өзгертудің өзекті қажеттілігі туралы ұстанымына толық сәйкес келеді.
Форумда көтерілген мәселелер бойынша әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысы экономиканы реформалау үдерісін жеделдетуге, қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс пен қарама-қайшылықты бәсеңдетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз жасауға мүмкіндік береді деген ортақ пікірімізді білдіреміз.
Форум кәсіподақтардың «Күш – бірлікте!» тарихи ұранының өзектілігі мен мызғымастығын тағы бір мәрте растады.
«Жаңа қоғамдық келісім:
әділетті еңбек қатынастары»
әлеуметтік әріптестер форумының
қатысушылары қабылдады
Астана қ.,
27 қаңтар 2023 жыл