inform.kz: “Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік серіктестік туралы заң қабылдауды ұсынды”

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумында әлеуметтік серіктестік туралы заң қабылдау ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай бастаманы ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин көтерді.

«Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті жетілдірудің екі бағытын дамытуға болады. Біріншіден, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметін реттейтін жаңа стратегиялық құжат әзірлеу қажет. Екіншіден, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыру керек», – деді федерация басшысы.

Оның айтуынша, аталған комиссиялардың маңызын арттырып, еңбек қатынастарын реттеудегі рөлін күшейту үшін «Әлеуметтік серіктестік туралы» заң әзірлеп, қабылдау қажет.

«Әлеуметтік серіктестіктің мазмұны еңбек адамын құрметтеу, азаматтардың еңбегін құрметтеу, еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін құрметтеу сияқты үш қағидатқа негізделуі керек. Әлеуметтік серіктестікті нығайту үшін оған экономикалық және ұйымдастырушылық база жасалуы керек. Жалдамалы жұмысшыларға кәсіпорын меншігінен үлес алу, акциялардың бақылау пакетін иелену, кәсіпорынды басқаруға қатысу (бақылау кеңестеріне мүшелік ету, әр түрлі комиссияларға мүше болу) мүмкіндіктері осы заң аясында берілуі керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

https://www.inform.kz/kz/kasipodaktar-federaciyasy-aleumettik-seriktestik-turaly-zan-kabyldaudy-usyndy_a4028752