Кәсіподақ бастауыш ұйым мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған жобаға қолдау танытуда

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы, облыстық білім басқармасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы арасында қосымша кәсіптік білім және біліктілікті арттыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Аталған меморандум кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Құжатқа қол қою арқылы тараптар қосымша кәсіптік білім беру, педагогтер мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыру саласындағы саясатты әзірлеу және іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Еске салайық, Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдарда жобалық менеджмент жүйесі енгізілуде.

Бағдарлама аясында өңірде жобалық кеңсе құрылып, ИСО 21500 ұлттық стандарты бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің мамандары жобалық менеджмент бойынша оқудан өтті.

Ендігі кезекте Ақтөбе облысындағы жалпы орта білім беретін мектептердің педагогтерін жобалық менеджментке оқыту жоспарланып отыр. Пилоттық жоба облыс әкімдігі мен салалық білім кәсіподағының қолдауымен жүзеге аспақ.