Елорда әкімінің төрағалығымен үшжақты комиссия отырысы өтті

Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Оған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және ҚР Жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық конфедерациясының, құрылыс компанияларының, қалалық прокуратураның полиция департаментінің өкілдері қатысты.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловтың айтуынша өткен жылы елорда кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардан 55 қызметкер зардап шекті, оның 16-сы қайтыс болды және 39-ы ауыр жарақат алды (2021 жылы 56 қызметкер зардап шекті, оның 15-і қайтыс болды және 41-і ауыр жарақат алды).

Айта кету керек, жазатайым оқиғалардың 81% қаланың құрылыс нысандарында орын алды.

Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасына қаржы қаражатының жеткіліксіз бөлінуі болып табылады.

Алдын алу шаралары аясында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері мен еңбек инспекторлары өткен жылы қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде бойынша 4000 мыңнан астам жұмысшыны қамтыған 135 құрылыс нысандарында болды.

«Өндірістік жарақаттануға бірнеше рет жол берген жұмыс берушілер профилактикалық бақылау үшін ұйымдардың тізбесіне енгізіледі. Әрбір жазатайым оқиға бойынша тергеу жүргізіледі және жазатайым оқиғаға жол берген лауазымды адамдарға қатысты шаралар қабылдау үшін материалдар полиция департаментіне жіберіледі. Өндірістік жарақаттанудың барлық жағдайлары бойынша зардап шеккен тарапқа жұмыс берушілер материалдық көмек көрсетті»,-деп атап өтті Е.Исмағұлов.

«Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда бас мердігер құрылыс жұмыстарының әртүріне (монолит, тас қалау, әрлеу жұмыстары және т.б.) мердігерлік шарттар жасай отырып, құрылыс жұмыстарын орындау үшін қосалқы құрылыс ұйымдарын тартады және сонымен бірге нысанда ешқандай жұмысты орындамайды. Осылайша, бас мердігер жазатайым оқиғалар туындаған кезде жауапкершілікті өзінен алып тастайды, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуден жалтарады. Оның орнына, қосалқы мердігерді қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың сақталуына барлық бақылауды жүзеге асыруға міндеттейді»,-деп толықтырды мемлекеттік инспектор.

Сөзін қорытындылай келе Е.Исмағұлов өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында бас мердігерлерге:
– тартылатын қосалқы мердігерлік ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін жеке бақылауға алу;
– қосалқы мердігерлік ұйымға айыппұл салу құқығын бере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің өкілеттіктерін күшейту;
– бұзушылықтар толық жойылғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру;
-еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормалары бұзылған жағдайда, келісімшарттық қатынастар бұзылғанға дейін қосалқы мердігерлік ұйымдарды құрылыс-монтаж жұмыстарынан шеттету жөнінде ұсыныс берді.

Жиында сөз алған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов мемлекеттік еңбек инспекторларының штат санын едәуір арттыра отырып, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту маңыздылығына тоқталды. Халықаралық еңбек қауымдастығының ұсыныстарына сәйкес 10 мың жұмысшыға бір мемлекеттік инспектор келуі керек. Бұл стандартқа сай болуы үшін елордада қазіргі инспекторлардың санын көбейту керек. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша құрылыс компанияларында тексеру-бақылауды жүргізу үшін мораторийді алып тастауға ұсыныс жасады.

Кәсіподақтардан берілген ұсыныстар жиналысқа қатысқан құрылыс компанияларының басшылары тарапынан алдағы уақытта қолдау тауып, жүзеге асырылатын болады.