«ҚуатАмлон Мұнай» біріккен кәсіпорынында кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші арасындағы жаңа 2023 жылға арналған Ұжымдық Шартқа қол қойылды.
Ұжымдық шартқа қол қою рәсіміне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Талант Ерманов қатысты.
Компанияда кәсіподақ ұйымы ұсынған жаңа Ұжымдық шарттың жобасында жалақыны индекстеу туралы норма қамтылды. Жалақыны индекстеуді қарастыру ҚР Кәсіподақтар федерациясы бастамасымен былтырғы 2022 жылы Қызылорда облысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұсынысымен әлеуметтік әріптестер арасындағы Облыстық келісімге енгізілген болатын.
Компанияның Ұжымдық шартына осы және басқа да әлеуметтік-еңбек жағдайлары мәселелері қамтылған нормаларды енгізуде жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасы Айбек Әбдреев бастаған кәсіподақ белсенділері келісім жасасу комиссиясының құрамында жұмыс жүргізді. Бірнеше келіссөздер нәтижесімен Ұжымдық шартта жұмыскерлердің жалақысын инфляция деңгейіне қарай индекстеу туралы норма бекітілді. Бұған Компания жұмыскерлердің жалақы қорына қосымша қабылданған Ұжымдық шартқа сәйкес 115 млн теңгеден аса қаражат қарастыруға келісті.
Естеріңізге салсақ, «Қуат Амлон Мұнай» серіктестігі Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші ірі кәсіпорын, компанияда жұмыс істейтін жұмыскерлердің басым бөлігі кәсіподақ мүшелері болып табылады.