Елордалық кәсіподақтардың Үйлестіру кеңесі өтті

Бүгін «Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналинның төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңеске қатысушылар Астанада өткен ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы және 2022 жылғы ҚРКФ қызметінің қорытындыларына арналған «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» әлеуметтік әріптестер форумында айтылған мәселелерді талқылады. Бұған дейін форумның материалдары мүшелік ұйымдарға жіберілген болатын.

Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» болып жариялануына орай, негізгі іс-шаралар жоспарына ұсыныстар беру айтылды.

Отырыс соңында спикер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға байланысты Кәсіподақтар федерациясы Үндеуіне тоқталып, елордалық кәсіподақ мүшелері мен еңбеккерлерді белсенді қатысуға және лайықты кандидаттарды қолдауға шақырды.