Бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен оқытушылар Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен аймақтарға бір күндік жалақысын аударады

Шымкент қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен аймақтарға бір күндік жалақысын аударады.

Кәсіподақ ұйымының осы бастамасын бүгін ұстаздар қауымы бірауыздан қолдады. Университетте 700-ге жуық қызметкер болса, соның 600-ден астамы кәсіподақ ұйымының мүшесі. Жиналған қаржы табиғат апатына байланысты ашылған есепшотқа аударылмақ. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті бірнеше жылдан бері Түркиядағы Анкара және Гази университеттерімен стратегиялық әріптес болып келеді. Сондай-ақ жыл сайын 10 шақты қазақстандық студент пен магистрант академиялық ұтқырылық бағдарламасы аясында түркиялық жоғары оқу орындарында білім алады.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті кәсіподақ ұйымының төрағасы Мәди Бесбаев: “Жинаған қаржымыз кішкентай тамшы болуы мүмкін. Бірақ сол арқылы өзіміздің түрік халқына, бауырлас елге ниетімізді, көңілімізді білдіріп жатқан жайымыз бар”, – деді.