Алматылық энергетиктер Шонжыға барып, денсаулықтарын нығайтып келді.
2023 жылдың 28-29 қаңтарында және ақпан айының алғашқы демалыс күндері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ екі жүзге жуық қызметкері «Alma_Park» демалыс орнына барып, буы бұрқыраған таза минералды суға толы бассейндерге шомылып қайтты. Алматылық энергетиктерге мұндай керемет демалысты жергілікті «Серіктес» кәсіподағы ұйымдастырып отыр.
Шонжы ыстық су көздерінің денсаулыққа пайдасы зор. Олардың құрамында азот, кремний, натрий, кальций сынды емдік қасиетке ие тұздар бар. Бұл элементтер ағзаны нығайтып, теріні тазартады, жұмсартады, тіндер мен буындардың серпімділігіне оң әсер етеді, тіпті орталық жүйке жүйесінің жұмысын да жақсартады. Шомылу жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының қызметін реттейді.
Шонжы ыстық су қайнар бұлағы Алматыдан төрт сағаттық жерде Қарадалада орналасқан. «АЖК» АҚ қызметкерлері демалыс базасына сапары барысында жолда Іле Алатауының, Шарын шатқалының, Шағанды тоғайының, сондай-ақ ежелде орнында вулкан болған Бөгеті қызыл тауларының әсем көріністерін тамашалап, тұмса табиғатқа куә болып, күш-қуат алып қайтты.