«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «Дива такси» ЖШС-нің ұжымымен кездесті.
Мегаполис тұрғындарына қызмет көрсететін «Дива такси» ЖШС-нің қызметкерлері саны 60 адамды құрайды, барлығы кәсіподақ мүшелері. Серіктестікте такси жүргізушілері, инженер техникалық қызметкерлер және техникалық көмек көрсету цех жұмысшылары (слесарь, токарь және т.б) қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында Жарқынбек Айдарбекұлы Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл – «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына байланысты биыл еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздігі қатаң сақталып, басты назарда екендігін айтып өтті. Оның ішінде маңыздысы арнайы қорғану құралдары мен киімдерін пайдалануды ұмытпау керектігін тілге тиек етті. Ал жұмыс берушілер тарапынан әрбір қызметкерге санитарлық-гигиеналық жағдайлар (залалсыздандыру құралдары мен медициналық қобдишалар) жасалып, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзбау керектігін естен шығармағанын ескерді.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов техника қауіпсіздігі және жол қауіпсіздігінің ережелері бойынша көрнекі құралдар алдырып, серіктестіктің басшылығынан арнайы кабинет ашу керектігін айтты.
Ұжымның еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін Ержан Тұрдахов қызметкерлерге техника қауіпсіздігі жөнінде Ереженің талаптары мен түсіндірме жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес өткізіліп, көлік жүргізушілер күнде таңертең жұмысқа шығарда міндетті түрде медициналық тексерістен өтетінін айтты. Егер де қызметкермен жарақат және апатты жағдай орын алғанда, ауыр зардапқа әкеліп соқтыратын немесе оған мүмкіндік жасау бойынша еңбекті қорғау ережесі бұзылса, онда еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бұзылатындығын алға тартты. Сонымен қатар, Серіктестікте техникалық көмек көрсету цехында арнайы қондырғылар мен құрал-саймандар тозығы жетіп, ескіргенін айтып, жаңалау қажеттігін жеткізді.
Осыған байланысты АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек Серіктестік басшылығымен келіссөз жүргізу нәтижесінде аталған мәселе оң шешімін тауып, қондырғылар мен құрал-саймандар ағымдағы жылдың наурыз айында жаңартылып, пайдалануға берілетінін шешіп берді. Төраға орынбасарының кезекті кездесуі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері үшін жемісті өтті.