Сатыбалды Дәулеталин: «Дүние жүзі кәсіподақтарының ортақ мақсаты – лайықты еңбекті қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау»
Бүгін Бакуде Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан атынан Халықаралық еңбек ұйымы сарапшылары мен әріптестер – ондаған елдің Ұлттық кәсіподақ орталықтары өкілдерінің қатысуымен Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық конференцияға қатысты.
Конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының құрылған күнімен құттықтап, халықтар арасындағы әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Әзірбайжан біз үшін бауырлас ел, ал Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы халықаралық кәсіподақтар қозғалысындағы маңызды әріптесіміз. Тәуелсіздік жылдарында Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы адамның лайықты өмірі мен еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдай жасауға, халықтың табысын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ пен әзірбайжан халықтары арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатыр. Қазақстан мен Әзірбайжанды тек экономикалық мүдделер ғана емес, негізінен түркі тектес тамырларға негізделген бай мәдени және тарихи байланыстар біріктіреді. Екі ел үшін бұл этномәдени туыстық пен рухани жақындықты ерекше атап өтуге мүмкіндік беретін сыртқы және ішкі саясаттың маңызды элементі болып табылады. Біз дүние жүзі кәсіподақтарының ортақ мақсаты – лайықты еңбекті қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды әрқашан есте сақтай отырып, бірге табысқа жету үшін қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, «Кәсіподақтар жол айрығында» конференциясының тақырыбы кәсіподақтардың алдында тұрған күрделі міндет – әлемдік экономиканың тез өзгеретін жағдайында еңбекшілерді тиімді қорғаумен байланысты.
«Бүгінде әлем қиын кезеңді бастан өткеруде. Пандемия әлемдік еңбек нарығына айтарлықтай зиян келтіруді жалғастыруда. Қауіпсіздікке қатер күшейіп, тұрақты дамуға кері әсер ететін факторлар күшейе түсуде. Біздің алдымызда күрделі міндеттер тұр, барлық еңбеккерлердің әл-ауқаты мен өркениетті еңбек қатынастарының тағдыры осы міндеттерді еңсеруге байланысты. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың алдында тұрған маңызды міндет – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінде қабылданған Жаңа әлеуметтік келісім арқылы осындай құбылмалы әрі аласапыран әлемдік экономикада адам құқықтарын жан-жақты қорғау және олардың мүдделерін тиімді көрсету», – деді Сатыбалды. Дәулеталин.
Молдова, Өзбекстан, Түркия және Литва ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері еңбек қатынастарын одан әрі дамытудағы кәсіподақтардың рөлі туралы өз көзқарастарымен бөлісті.
Конференция модераторы, ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас тұрақты әлеуметтік-еңбек қатынастарын құрудағы кәсіподақтардың рөлінің жандануы жұмыскерлер қауымдастығының шешуші іс-әрекеттерінде көрінуі тиіс екенін атап өтті, яғни кәсіподақтар өзгерістерді алға бастырады және қалыптастырады.
Конференцияға қатысушылар әріптестердің – Ұлттық кәсіподақ орталықтарының озық тәжірибесін қабылдауға және ХЕҰ Конвенцияларын одан әрі ратификациялауға, сондай-ақ ХКК Жаңа әлеуметтік келісімнің негізгі басымдықтарын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.
Еске салайық, Әзірбайжанның Ұлттық кәсіподақ орталығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тиімді әріптесі болып табылады, ҚРКФ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіруді толыққанды қолдады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/419409?lang=kk