Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі – Түркістан облысы, Кентау қаласы, Қарнақ ауылындағы М.Қашғари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі – Райимов Махмуджан Сунатиллаевич.
Райимов Махмуджан Сунатиллаевич 1980 жылы 2 қыркүйекте 3000 жылдық тарихы бар киелі Қарнақ ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Карл Маркс (бүгінде М.Қашғари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп-лицей) атындағы орта мектепте алғашқы хат сауатын ашып, 1997 жылы аталмыш мектепті бітірді. 1997 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетіне “Араб тілі және ағылшын тілі пәндері мұғалімі” мамандығы бойынша оқуға түсті.
2001 жылы Ш. Қанайұлы атындағы жалпы орта мектебіне ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. 2002 жылы М. Қашғари атындағы жалпы орта мектебіне ағылшын тілі пәні мұғалімі болып ауысты. 2017 жылдан бастап М.Қашғари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп-лицейінде кәсіподақ төрағасы болып жұмыс атқарып келуде.
Мамандығын жетілдіру мақсатында 2017-2019 жылдары Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде магистратураны оқыды. 2019 жылы білімін одан әрі шыңдау мақсатында “Summer School” программасы бойынша Ұлы Британияның Лондон қаласында 3 ай курс оқып қайтты.
Өз жұмысына адал, бiлiм саласында үзбей еңбек етiп жүрген Райимов Махмуджанның жеткен жетiстiктерi көп. Қалалық, облыстық және республикалық семинарда өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, баяндамалар оқып алғыс хаттармен марапатталған. Республикалық және халықаралық журналдарда мақалалары жарық көрген.