Кәсіподақ бастамасымен ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылды

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуына 34 жыл толуына байланысты «Қазхром «ТҰК» АҚ біріккен кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген бір топ интернационалист жауынгерлер Ақтөбе қаласындағы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі және Әл-Фараби атындағы №21 мектеп гимназиясының шәкірттерімен жылы жүздесті.


Кәсіподақ ұйымының бастамасын қолдаған жастар кеңесінің өкілі және Ауған соғысының жауынгерлері Қайрат Жұмағазин, Алтынбай Унбаев, Арыстанғали Таипов, Александр Позюк мектеп оқушыларымен жүздесті. Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған қос мектептің ұстаздарымен оқушылары сол бір сұрапыл соғыстың естеліктерінен үзінді тыңдап, ардагер ағалармен ашық жарқын әңгімелесіп, сұхбаттасып бір жасап қалды. Отан алдындағы борышын адал атқарып, өзге елдің аумағында тәуекелге бел буып сол кездегі жалындаған жастар, бүгінгі күнде жігіт ағасы атанып ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аға буын өкілдерінің әскери міндеттері кезіндегі қызықты сәттерімен бөлісе отырып жастарға бейбіт өмірдің қадірін біліп бағалауға, егеменді елімізді қорғауға дайын болуға шақырды.Кездесу барысында түрлі сұрақтар қойылды. Белсенділік танытқан оқушылар кәсіподақ ұйымының естелік сыйлықтарына ие болды.

– Мектеп оқушыларымен кездесудегі басты мақсатымыз Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуына 34 жыл толуына байланысты соғыста опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ете отырып, қайсар ардагерлердің ерлігін үлгі ету және болашақ жастарға патриоттық тәрбие беру болатын. Қос мектептің ұлағатты ұстаздар қауымы, білімді оқушылар арасындағы жылы жүздесу жоғарғы деңгейде өтті, жақсы әсер қалдырды. Осындай басқосулар оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәні мен мағынасы зор іс-шара болды деп есептеймін. Алдағы уақытта да мектеп ұжымымен байланысымызды үзбейміз. Жақсы дәстүр өз жалғасын табатын болады, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасының орынбасары Жиенай Тлешов. – Бүгінде сонау соғыс жылдарын артқа тастап еліміздің соның ішінде компания, зауыттың абыройын асқақтатып, ерен еңбектеріменде үлгі-өнеге болып жүрген ауғандық жауынгерлерді қадірлеп, құрмет көрсету – біздің басты міндетіміз, борышымыз.Бүгінгідей кездесіп, естеліктерін тыңдау – біз үшін бір мәртебе.

«Өткенін елемеген өшеді,өткенін қастерлеген өседі», – демекші, уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалып,куәгері болған, өнегелі өмір жолын қалыптастырған интернационалист жауынгерлердің айтары да, жас ұрпаққа берер тәлімі де мол. Әсерлі кеш, нұрлы жүректегі жылы жүздесу соңында тәуелсіз елімізде мәңгі тыныштық орын алып, егемендігіміздің көк туы биікке желбіреп, бақытты күндерде, амандықпен дидарласайықдепжарқын басқосудан естелікке фотоға түсіп тарқасты.

80 жылдық тарихы бар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында Ауған соғысының ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында интернационалистжауынгерлерімен қатар Чернобыль апатына қатысқан жалпы саны 40 адам есепте тұрады. Жылына екі рет зауыт әкімшілігі және кәсіподақ ұйымы тарапынан 9 мамыр Жеңіс және 15 ақпан Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні құрметіне ақшалай сыйақы көрсетіліп отырады.