«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында автобекет қызметкерлерімен кездесу өтті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек және Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «АР» автобекеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыскерлерімен жүздесті.

Кездесу барысында Жарқынбек Айдарбекұлы кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе еңбек адамының құқын қорғау екенін, кәсіподақтар жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізді.


“Бүгінгі таңда кәсіподағы бар мекемелерде жұмысшылардың айлық жалақылары сәйкесінше төленіп, жұмыс орнында шағымдар жасалса тиісті мамандар арқылы жедел түрде шешіледі. Биыл еңбекті қорғау, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі басты назарда. Кәсіподақ орталығына түскен бір де бір арыз қараусыз қалмайды”, – деді төраға орынбасары.

Өз кезегінде, серіктестік ұжымы кәсіподақ төрағасына алғысын айтып, жұмысшылардың мүддесін қорғауда кәсіподақ жұмысының ерекше зор екенін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде серіктестікте 38 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – Д.Хамза.