Шымкентте сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы ғимаратының мәжіліс залында кәсіподақ активіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет түсінігі, міндеттері мен функциялары жайында ақпарат беріліп, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілді.


Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Әлтеев Бауыржан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Жазира Әлжанова, жергілікті және салалық кәсіподақтардың төрағалары мен орталық қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында Департамент өкілі Жазира Әлжанова тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, онда зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын өмірлік мысалдар келтіре отырып атап өтті.

Одан өзге, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департаментпен атқарылған жұмыстарды да хабардар етті.

«Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өздеріңізбен кездесуіміздің себебі де осы», – деді Департамент өкілі Жазира Әлжанова.

Басқосуда АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заң қызметкерлерінің ғана жауапкершілігі емес, қалың бұқараның да азаматтық міндеті екендігін айтып өтті.

«Елдегі бұл ауыр індетті жою үшін күресті өзімізден, айналамыздан бастап, нәтижеге қол жеткізуге болады. Жемқорлықты жою әрбір азаматтың азаматтық та, адамзаттық та парызы екенін біле жүрсек. Адал, табанды әрі жігермен атқарылған еңбектің алдында бағынбайтын белес, алынбайтын қамал жоқ. Жемқорлықсыз өз ісін сүйіп, өз қызметіне адал бола білген әр еңбек адамы – еліміздің мәртебесін көтере білетін нағыз еңбекқор азамат болатындығына күмәнім жоқ», – деді АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев.

Пікіралмасу барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлық елдің экономикалық, инвестициялық даму үдерісін баяулататын, демократиялық елдің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін әлеуметтік кесел екендігі, қазір осы әлеуметтік жағымсыз құбылыспен күресте негізгі күш оның алдын алуға, оның көріністерін барынша азайтуға күшті біріктіре жұмыс жасау керектігін алға тартты.

Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез-келген азамат Департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша Саll орталыққа хабарласу қажеттігі ескертілді. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеуге қатысты толыққанды ақпарат ұсынылды.