www.gov.kz: “Сатыбалды Дәулеталин: «Әлеуметтік әріптестер арасындағы қарым-қатынас заңмен айқындалған – олар тең»”

Сатыбалды Дәулеталин: «Әлеуметтік әріптестер арасындағы қарым-қатынас заңмен айқындалған – олар тең»

Бейсенбі, 16 ақпан күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптес – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева басшылық жасайтын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының кәсіподақ активімен кездесуіне қатысты. Кездесу Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының алаңында өтті.

Әлеуметтік әріптестік тараптары бірлескен қызметтің басымдықтарын белгіледі. Ашық форматтағы кездесу болды. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының негізгі қызметі туралы айта келе, оның төрайымы Айгүл Мұқашева ұстаздар қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы ҚРКФ мүше ұйымдар арасында саны жағынан ең ірісі болып табылады, ол 619 738 кәсіподақ мүшелерін қамтитын 9 016 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Айгүл Мұқашева атап өткендей, салалық кәсіподақ ҚРКФ жұмыс тобының құрамында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеуге және талқылауға барынша тікелей қатысты.

Өз кезегінде өмірінің 45 жылын кәсіподақ ұйымдарына арнаған кәсіподақ қозғалысының ардагері Майра Тұрғанқызы Амантаева әлеуметтік әріптестіктерге сала ардагерлерінің тәжірибесін талқылап, педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту бойынша бірлескен шешім қабылдауда пайдалануды ұсынды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев саланың кәсіподақ қауымдастығына арнаған сөзінде әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге түсе алатын қазақстандық білім мектебін құру бастамасын ілгерілету үшін күш біріктіруді ұсынды.
«Біріншіден, мен мұғаліммін, содан кейін министрмін. Яғни, білім беру жүйесіндегі мәселелерді іштей білемін. Қазақстандық білім беру мектебінің сапасын дамыту үшін күш-жігерімізді біріктіретін уақыт келді. Кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып, балабақшадан бастап, білім беру жүйесін, оқу-тәрбие үдерісін жақсарту үшін оқу орындарында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек», – деді Ғани Бейсембаев.

Тараптарды тыңдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин үшпартиялықтың барлық тараптары – үкімет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер қызметінің негізгі басымдықтарына тоқталды. Ол жұмыс топтары аясында кәсіподақтар «Әлеуметтік әріптестік туралы» заңды қабылдау бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлегенін айтты.

«Сонымен қатар, біз қолданыстағы Еңбек кодексін Жаңа қоғамдық келісімнің негізгі басымдықтарына – Еңбек адамын құрметтеуге, оның еңбегін құрметтеуге, әлеуметтік әріптестердің мүдделерін құрметтеуге сәйкес келетін жаңасына өзгерту керек деп санаймыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның пікірінше, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың тарапынан кәсіподақ ұйымдарының қызметіне араласуының жекелеген фактілері қазақстандық заңнаманы бұзу болып табылады.
«Кәсіподақтар ешқашан даудың көзі болған емес және болмайды, кәсіподақтар – жұмыс берушілердің қарсыласы емес, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер салауатты, сындарлы ынтымақтастықты құрудағы әріптестер. Әлеуметтік әріптестер арасындағы қарым-қатынастар заңмен айқындалады – олар тең. Біздің алдымызда тұрған ортақ міндет – Әділетті Қазақстанды құру. Ал Әділетті Қазақстанда әділетті еңбек қатынастары болуы тиіс. Тек қана паритеттік негізде бірлескен, келісілген іс-әрекеттеріміз ғана бізге отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартуға көмектеседі», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

ҚРКФ медиаорталығы

https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/429022?lang=kk