Білім беру саласының үздігі – Камшат Сақанқызы

Айнагулова Камшат Сақанқызы 1972 жылғы 1 қаңтарда Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Аккент ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Панфилов ауданы, Алты үй ауылындағы Ә.Қастеев атындағы орта мектепті бітіріп, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың Инженерлік-педагогикалық факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы осы факультетті «Еңбек, физика және информатика» мамандығы бойынша аяқтады.

1997 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Талдықорған қаласындағы №19 кәсіптік лицейге (қазіргі Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі) физика пәнінің оқытушысы болып жұмысқа қабылданды. 30 жылға жуық еңбек өтілінде Камшат Сақанқызы оннан астам оқу топтарына жетекшілік етіп тәрбие беріп, мыңдаған студентке білім нәрін сусындатты. Өзі білім берген көптеген шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Оқу орны кәсіпке баулитындықтан тәжірибелі педагог «Физика пәнін мамандықпен байланыстыра отырып ақпараттық-технологияларды пайдалану арқылы білім алушылардың пәнге қызығушылығын арттыру» мақсатында аянбай жұмыс істейді.

Ұзақ жылдар бойы Камшат Сақанқызы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде көрсеткен белсенділігі мен тәжірибесі үшін «Ұлағатты ұстаз», «Білім беруге қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Республикалық, облыстық байқаулар мен олимпиадаларға білім алушыларды дайындап марапаттарға ие болған.

Камшат Сақанқызы саясатқа, білімге, өнердегі жаңалықтарға қызығушылық танытады, шығармашылықпен өзін-өзі үздіксіз дамытып отырады, үнемі курстарға қатысып білімдерін жетілдіріп, шәкірттеріне сапалы білім, тәлімді тәрбие беруге алға ұмтылып келеді.

Камшат Сақанқызы колледждегі түрлі іс-шаралар, білімалушыларға керекті жағдай, дұрыс білім беру сияқты көптеген шешілуге тиісті түйіні қиын істердің басы-қасында болып, тәлімгерлік жұмысты да қатар алып жүреді, жас педагогтардың өзін-өзі дамытуына көмек береді. Педагог өз оқу орнының көлемінде шектеліп қалмай, облыстық, қалалық семинарларға, конференцияларда қатысып тәжірибе таратады. Іс-тәжірибелері жергілікті, республикалық басылымдарда жарияланып отырады. Алматы облысы «Көшбасшы» ғылыми әдістемелік орталығының қолдауымен «Физика және тәжірибе» атты авторлық бағдарламасын құрастырып, облыстық білім беру ұйымдарында таратып, әріптестерімен бөлісіп келеді.

Өнегелі де ардақты жан Камшат Сақанқызы үлгілі отбасының ұйытқысы, қамқоршысы. Отағасы – Әсетпен тату-тәтті өмір сүріп, төрт перзентін ұяға қондырған бақытты ата-ана, бес-алты немерелі абзал жандар.

Білім беру саласында 30 жылға жуық талмай еңбек еткен жайдары да жайсаң ұстаз әлі де шығармашылықпен жұмыс істеуде.