Кітапхана қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек мәселелері – кәсіподақтар назарында

Шымкентте «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Шерімов Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің қызметкерлерімен кездесті.

Балалар кітапханасы жас оқырмандар үшін білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын ақпараттық орталық болып табылады. ​1965 жылы құрылған кітапханалар жүйесінің бүгінде қалада 14 филиалы бар. 2021 жылы Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар​ кітапханалар​ жүйесіндегі кітапханаларға жаңғыру жұмыстары жүргізілгеніне байланысты отбасылық кітапхана атауы берілген. ​ Бүгінде кітапханада 5 бөлім​ жұмыс істейді.

Жиында АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек 2023 жыл – «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына орай, әрбір қызметкердің еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталуы және еңбекті қорғау жөнінде мәлімет беріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау,жалақы қарыздарын болдырмау жөнінде сөз қозғады.

Кездесуде сөз алған салалық кәсіподақтың төрағасы Руслан Шерімов еңбек құқықтарын қорғау бағытында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасының» жұмысына тоқталып, кәсіподақ мүшесі қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.

Жиын соңынан еңбек адамының құқықтық сауаттылығы жайында сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды.

Айта кетейік, аталған мекемеде 60 еңбеккер жұмыс істейді. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігіне кіреді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – ​Гүлипа Орынбекқызы Артықова.