“Еңбеккер бейнесі” айдарының бүгінгі кейіпкері – ардақты ұстаз Қожабекова Алмагүл Сәулегүлқызы. Алмагүл Сәулегүлқызы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бүркітті ауылының жалпы білім беретін №20 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталатыны анық. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғаншысы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты болмақ. 30 жылдық еңбек жолында тек бастауыш сыныпта сабақ беріп қана қоймай, мектептің қоғамдық жұмысына да белсене араласып келеді.
Алмагүл Сәулегүлқызы 30 жылдық еңбек өтілінің 23 жылын ұстаздықпен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қоса атқарып келеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының басшысына қажетті қасиет – ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілетінің болуы. Кәсіподақ басшысы — кәсіподаққа біріккен барлық қызметкерлердің идеялық дем берушісі, ұйым қызметін ұйымдастыра білетін басқарушысы болып табылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне тағайындалмайды, оны сол еңбек ұжымының тікелей дауыс беруі арқылы сайлайды. Сонымен ұжым жұмыс берушімен еңбектік қатынасында өз мүдделерін кім қорғайтынын айқындайды. Мектеп ұжымы 23 жыл бойы үздіксіз Алмагул Саулегуловнаға сенім артып келеді. Білім ұйымында үздіксіз білім беру үрдісінде шығармашылық жұмыстарды, оқу- процесін жоғары деңгейде жүргізе отырып, бастауыш сыныптағы білім алушылардың біліктілік сапасын арттырып, қоғамдық жұмыстарды да өте жақсы жүргізіп, еліміздің білім беру саласына өз үлесін қосып отырған белсенді тұлға деп атауға болады. Оған айтар дәлелдер де баршылық. Мәселен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғандығынан қандай да шара болмасын, өзінің жұмыс тиянақты атқарып, нәтижеге бағыттай отырып, білім ұйымының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын, салауатты өмір салтын насихаттайды. 2018 жылы 8-наурыз халықаралық қыз – келіншектер күніне орай өткізілген І аудандық әйелдер спартакиясында мектеп атынан команданы құрып, қатыстырып, өзі де «ДАРТС» ойын түріне қатысып, 2018 жылы жеңімпаз атанып, кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің марапатына ие болды. Осы жылдар ішінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, педагогтардың тамыз мәслихатында кәсіподақ ұйымының мектепішілік жұмысын зерделеп, жақсы нәтижеге қол жеткізгені үшін «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ жұмысына белсене қатысқаны» облыстық «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, кәсіподақ қызметін ұйымдастыруда «Үздік бейнеролик-2021» байқауына қатысып, аудандық сайыс қорытындысымен үздік деп танылып, грамота мен сертификат иеленді. 2021 жылдың ақпан айында еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мен еңбекті бағалалауды насихаттау мақсатында тәрбиелік мәні бар білім ордасында жұмыс жасап жүрген қызметкерлерге арналған “Еңбектеріңізге рахмет!” атты іс-шара өткізілді.
Іс-шарада мектеп ұстаздары мен оқушылар кіші қамту қызметкерлерінің еңбектеріне алғыстарын білдіріп, әр қызметкердің атқарып отырған ерекше жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, буклеттер, құттықтаулар арнап, еңбектерінің оразаң зор екендігін насихаттап, қошеметтеп, құрметтеп еңбектеріне толағай табыстар мен жеміс тіледі.
Салауатты өмір салтын насихаттау, волейбол ойынына деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2022 жылы мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды.
Мінезі ашық, жайдары. Өз әріптестерінің сыйлы азаматы ретінде қандай да бір шығармашылық, қоғамдық жұмыстарда өзінің жаңашылдығымен, жоғары ұйымдастыру қызметінің қабілетімен еліміздің, білім беру ұйымының тапсырмаларын, кешенді бағдарламаларын бірінші кезекте сауатты түрде талдап, насихаттап, оны жан-жақты зерделеп, тиянақты жұмысты орындай білетін дарынды тұлға. Отбасындағы 2 ұлдың анасы. Олардың да өмірден өз орындарын тауып, жеке тұлға болып қалыптасуына жол сілтеп келеді.
Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеудегі жемісті еңбегі мен шығармашылық ізденістер үшін көптеген марапаттарымен марапатталды.