Шымкентте қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі «Алтын Дән» ЖШС қызметкерлеріне семинар-кеңес өткізілді. Семинарды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов бірлесе жүргізді. Оқыту барысында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер алды.
Басқосуда АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Айдарбекұлы семинар тақырыптары аясында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, техникалық инспекторлардың жұмысы және кәсіби аурушаңдықтан сақтану, еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, шарт талаптарының орындалуы жайлы айтып өтті.
Семинарда Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өндірістік жарақаттану, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, қауіпті жағдайлардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп өтті.
Тыңдаушылар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, баяндамашылармен пікір алмасып, қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарына жауаптар алды. Одан өзге қатысушылар берері мол семинар-кеңес үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.