Жарқын елдің шамшырағы – жас маман

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. «Ұстаз» деген  қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Өз ісіне деген адалдығын тынымсыз еңбегімен дәлелдеп жүрген ұстаздарымыздың бірі – Алға ауданы, Жерұйық негізгі мектебінің химия пәні мұғалімі Төлепова Жансая Молдабекқызы.

Жансая Молдабекқызы 2000 жылы сәуір айының 25-ші жұлдызында дүниеге келген. 2007-2017 жылдар аралығында Алға ауданы, Алға қаласы В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде білім алған. Білімі жоғары, 2017-2021 жыл аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Алға ауданы, Жерұйық ауылы, Жерұйық негізгі мектебінің химия пәні мұғалімі қызметін атқаруда. Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, білім ұясының абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Сонымен қатар, мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық жас маман. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отырады, әртүрлі семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысып жүреді. Сабақта мемлекеттік стандарттан тыс білім материалдарын оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін, көрнекіліктер, қазіргі заман талабына сай ақпараттық технология жүйелерін оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында пайдаланады. Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін, өздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Қазіргі таңда еңбек ету барысында өзі де, оқушылары да әртүрлі аудандық, облыстық жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Сонымен бірге, Жансая Молдабекқызы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту курсына қатысып, біліктілігін арттырған. “Мектептегі химия сабағы: басымдықтар және жетілдіру стратегиялары” білім бағдарламасы бойынша білімін жетілдірді. Педагогикалық инновацияларды оқу-тәрбие жүйесінде белсенеді пайдаланып, бұқаралық ақпараттық құралды насихаттағаны үшін, оқу-тәрбие ісіндегі үздік жетістіктері, қоғамдық белсенділігі және баспасөзбен тұрақты шығармашылық байланысы үшін алғыс хаттармен марапатталған.
Бүгінгі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші — білім деңгейі. Сондықтан өскелең ұрпақтың дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты.