Қызметіне адал жан

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС тұзсыздандыру қондырғылары бөлімінің басшысы, «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» Маңғыстау облыстық филиалының «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қойшыбай Асқар Бөкенбайұлы әріптестері арасында зор құрметке ие.

Асқар Қойшыбай 1984 жылы дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы университетті бітіріп, инженер-механик мамандығы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолын 2002 жылы түрлі сауда компанияларында бастаған. Қазіргі уақытта «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС тұзсыздандыру қондырғылары бөлімінің басшысы қызметін атқарады. 2022 жылы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ашылуына қатысып, қызметкерлердің қолдауымен төраға лауазымына тағайындалды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымын аша отырып, ол жалақы мәселелерін көтерді, заң шеңберінде еңбек рәсімдерін шешумен айналысты, нәтижесінде жұмыскерлердің жалақысы 30%-ға көтерілді.

Сонымен қатар, оның басшылығымен Ақшұқыр және Саин-Шапағат елді мекендерінде тұратын 150 жұмысшыны МАЭК мекемесіне дейін тасымалдауға арналған автокөлікке қатысты жұмысшылардың өзекті мәселелері шешілді. 20 жылдан астам уақыт бойы бұл мәселелер шешілмей келген және осы өзекті мәселені шешу мақсатында еңбек төрелігінде, әкімдікте және ҚР Энергетика министрлігінде аталған мәселелер көтерілді. Осы әрекеттердің нәтижесінде жұмысшыларға автобустарды бөлу мәселелері шешілді.

Асқар Қойшыбайдың айтуынша, ол өңірдің ең өзекті мәселелерін көтеруге, ауыз су тапшылығын кәсіби тұрғыдан шешуге үлес қосуға дайын. Сондай-ақ, әділдік үшін күресті жалғастыра бермек және аудандағы күрделі мәселелерді шешуге бағытталатын болады.