Қызылордада «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалы қатары «Қызылорда әуежайы» бастауыш ұйымымен толықты. «Қорқыт Ата әуежайы» акционерлік қоғамында кәсіподақ ұйымы құрылып, оған жұмыскерлердің басым бөлігі кәсіподақ мүшесі болып бірікті.
Әуежай жұмыскерлерімен кездескен облыстық салалық кәсіподақ төрағасы Марат Бәйімбетов ұжымға кәсіподақ ұйымының қағидалары мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жұмыс бағыттары жайлы әңгімеледі.
Акционерлік қоғамның бас директоры Баян Әжмолдаев ұйымның аймақ дамуына қосып жатқан үлесі, ұжым жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайлары туралы ақпаратпен бөлісіп, жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымы жұмысына сәттіліктер тіледі.
Еңбеккерлер кәсіподақ мамандарына кәсіподақ мүшесі болу тиімділігі, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтар құзыреті, әлеуметтік мәселелерді ілгерілетудегі кәсіподақтар қызметінің оң нәтижелері жайлы сұрақтарын қойып, кәсіподақ ұйымының алдағы жұмыс бағыттары, Ұжымдық шарт жасасу мәселесі туралы пікір алмасты.