Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Ұстазға құрмет көрсетуді білімге құрмет көрсету деп түсінетін Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының ұйытқы болуымен мүшелік филиалдардың ұйымдастыруымен жер-жерде білім саласы қызметкерлеріне ыстық ықылас білдірілуде. Сәтбаев қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Гульнар Ильясованың Халықаралық мерекеге орай өткізген ілкімді істері бұл сөзімізге дәлел болса керек.
Кеншілер қаласының бас педагогі Берік Ақышбековпен бірге өткізілген белсенді кәсіподақ мүшелерін салтанатты қабылдауда ақ тілектер ақтарылып, алғыс төгіліп, сый-таралғылар үлестірілді.
Саналы ғұмырын алтын ұя – мектеп қабырғасында өткізген ұлағатты жандарға тосыннан қуаныш сыйлау әлі жалғасып жатыр. Сәтбаев қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен белсенділері үй-үйді аралап, ардагер мұғалімдердің мерекелік көңіл-күйін еселеп, мейірім мен құрметке бөледі.
– Еткен еңбегіміз еш кетпеді деген – осы. Бүгінде шәкірттерім, әріптестерім, ізімізді басқан жас толқын бізді ұмытпай, ұдайы көңіл білдіреді. Кәсіподақтың ықыласы тіпті бөлек, – деп ағынан жарылған ардагерлер төккен тер, еткен адал еңбектің арқасында ғана мұндай зор құрметке ие болуға мүмкін екендігін құттықтай келген жастардың құлағына құйды.