Ұстаз – ұлы есім

Нұрмағамбетова Ғанимжан Советқызы 1982 жылдан бастап Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылының Әлібек Бүркітбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтып кеткендей білімді де білгір шәкірт тәрбиелеу ұстаздан басталары сөзсіз. Ұстаз – киелі ұғым. Осы ұлағатты сөздің астарында білімділік те, ақылдылық та, мейірімділік те, зерделік те жатқан жоқ па? Осы қасиеттердің барлығы Ғанимжан Советқызының бойынан табылады.

1991 жылдан бері мектептегі педагогикалық кеңестің хатшысы, 1992-2000 жылдарда мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы, 2008-2013 жылдарда бастауыш сыныптар ғылыми қоғамының жетекшісі, 2014-2018 жылдарда «Жас ұстаздар» мектебінің жетекшісі болып қоғамдық жұмыстарды атқарды. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласады.
Қызмет атқарған жылдар аралығында бірнеше рет аудан, облыс көлемінде Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Кейінгі 5 жылда жеткен жетістіктері де жетерлік. Бастауыш сынып мұғалімдері арасында ұйымдастырылған республикалық қашықтық олимпиадаларының жеңімпазы. Оқушылары облыстық, республикалық олимпиадалар, конкурстардың, интеллектуалды ойындарының, мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпаздары. Атап айтатын болсақ оқушылары «Зерде» YIII Республикалық конкурсының аймақтық кезеңінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, Қарағанды облысы білім бөлімінің «Сарыарқа» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған суреттер сайысында І орын иеленген. Сонымен қатар оқушылары жыл сайын «Ақбота» интеллектуалдық марафонында І, ІІ дәрежелі дипломдармен, математикадан халықаралық «Кенгуру» конкурсының дипломдарымен, интеллектуалдық «Золотое руно» байқауының 1,2,3 орын дипломдарымен марапатталды.

Облыстық «Біліктілікті арттыру курстары – үздіксіз кәсіби даму күші» жинағында, аудандық «Санатты ұстаздар» жинағында мақалалары жарық көрген. «Жастар және қазіргі замандағы әлемдік мәселелер» Республикалық ғылыми практикалық конференциялар материалдары жинағында «Бастауыш сыныпта қазақ тілі сабағында қолданылатын тапсырмалар» тақырыбындағы баяндамасы жарияланды.