Дәстүрлі дода дүркіреп өтті

Салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Балқаш қалалық филиалы дәстүрлі спартакиадасын қорытындылады.


Бір аптаға созылған дүбірлі додада ерлер мен әйелдер волейбол, футбол, теннис ойынынан сынға түсті. Ала допты алақанда ойнатқан 12 команда ойыншылары тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәзікжандылар да осал емес. Дәлдікпен, шапшаңдығымен ерекшеленді. Теңбіл допты ермек еткендердің бәсекесіне көз тіккендер қиқуға қиқу қосып, ойынды қыздыра түсті.

Байрақты бәсекелердің нәтижесінде үздіктерге кәсіподақ тарапынан лайықты сый-таралғы ұсынылып, марапат көрсетілді. Кәсіподақ төрайымы Асем Айтжанова жыл сайынғы спартакиадаға белсене қатысатын кәсіподақ мүшелеріне алғыс бңлдіріп, жеңісімен құттықтайды.

Жеңіс тұғырына көтерілгендер жайында айтар болсақ, волейболда алтын әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектеп командасына бұйырса, футболда М.Русаков атындағы мектеп-интернаты командасы озды. Үстел теннисінде ерлер арасында әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің намысын қорғаған Ернұр Мұқсинов алтыннан алқа тағынса, әйелдер арасында #1 орта мектептің Оксана Пяткова жүлде салды. Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицей мен өнер мектебінің командасы волейболдан күміс пен қоланы өзара бөліссе, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің ұстазы Мұхтар Сатиев пен #1 орта мектептің мұғалімі Денис Дякинге, сондай-ақ Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің педагогі Жұлдызай Усманова мен әл-Фараби атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрай Есеналиеваға теннисте ешкім тең келмеді.