Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы спортты жанына серік еткен ұстаздарға керемет сый жасады. Спартакиадаларға қатысып, спорттық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген белсенді кәсіподақ мүшелері көктемгі демалыста киелі Түркістан қаласына саяхатқа барды.
Бүгінде хандар мен билер, абыздар мен игі жақсылар мәңгі тыныс тапқан мекенге келетін туристер саны артқан. Оларға көк күмбезді кесене алыстан мен мұндалап қол бұлғаса, шырайлы шаһардың руханиятын көрсететін орындар да бой көтерді.
Бағдарлама бойынша жас ұстаздар Арыстан бабтың басына, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Укаша ата өзге де киелі орындарға барып, тәу етті. Сондай-ақ,«Керуен Сарайды» аралап, жаңарған шаһардың заманауи келбетін тамашалады. Спортшы ұстаздар осындай рухани-мәдени демалыс сыйлаған кәсіподақ ұйымына алғыстарын жаудыруда.