Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия дағдарыс орталықтарында кездесулер өткізді

Ақтөбе облысы аумағында наурыз айының 27 мен 31 аралығында “Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!” акциясы жүргізілуде. Осы акция асында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия өкілдері Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарында, Аналар үйінде болды.


Қазіргі таңда орталықта 8 адам (4 бала, 4 әйел) тұрып жатыр. Кішкентай екі сәбиі бар келіншек жолдасының синтетикалық наркотикке әуес болғанын айтса, тағы бірі ерінің ойынқұмарлығынан отбасының берекесі бұзылғанын алға тартты.

“Малика” дағдарыс орталығы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қиын өмірлік жағдайға ұшыраған әйелдерге қызмет көрсетеді. Қазір орталықта 20 адам (4 бала, 16 әйел) қызмет алуда. Мұндағы келіншектердің де тағдыры сан қилы. Отызға толмаған жас әйел дағдарыс орталығына осымен екінші рет түсіп отырғанын айтып, қазір тәрбиеші болып жұмыс істейтінін, қыздары балабақшаға барып жүргенін қуана хабарлады.

Аналар үйі – әртүрлі себептермен кішкентай баламен жалғыз қалған жас аналардың паналайтын жері. Орталық үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Орталық кәсіпкерлердің әлеуметтік жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – тастанды балалардың көбеюінің алдын алу, қиын жағдайға тап болған жас аналардың балаларын жетімдер үйіне өткізуге жол бермеу. Қазіргі таңда мұнда кәмелетке толмағандардан бастап 30 жасқа дейінгі аналар алты ай әрі кетсе 1 жыл тұра алады. Қазіргі таңда аталған орталықта 7 әйел, 7 бала қызмет алуда.

Комиссия мүшелері орталықтардағы аналардың жағдайымен танысып, олардың мәселелерін шешуге оң ықпал етуге жұмыла күш жұмсайтынын жеткізді.