Кәсіподақ мүшелері арасында «Денсаулық – 2023» спартакиадасы ұйымдастырылды

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің спорт сарайында білім саласының қызметкерлері арасындағы VІІ «Денсаулық – 2023» облыстық спартакиадасы өткізілді.

Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жарысқа барлық аудандар мен қалалық және облыстық білім беру мекемелері, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында іріктеу кезеңінен өткен, ең үздік деп танылған 18 құрама командалар қатысты.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру және нығайту, кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттауды басты мақсат еткен VІІ «Денсаулық – 2023» спартакиадасының ашылуымен құттықтап, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, өз алғысын білдірді.

Келесі сөз кезегінде БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Айгүл Есекенова, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жәнеМ.Өтемісов атындағы БҚУ-нің проректоры Түймеш Дәрішева жарысқа қатысушы құрама командаларға сәттілік тілеп, кәсіподақ тек қана еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, өзара салауатты өмір салтын насихаттауға да қолдау көрсетіп, спартакиаданың осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғаны туралы өз ойларымен бөлісті.

Жылдағы дәстүрге сәйкес, жалпы командалық есепте:«Жүлделі» және «1 орын» алған екі командаға «Ақжайық» шипажайына демалуға тегін 20 жолдама, 2-3 орын иеленген командаларға кубок, дипломдар, үстел теннисі және т.б. заттай сыйлықтар табысталды.